БҚО-да биыл 17 білім ордасы тапсырылады

Батыс Қазақстан облысында 3 ауысымда оқытатын 10, апатты жағдайдағы 14 мектеп бар.

Осы өзекті мәселенің түйінін тарқату мақсатында өңірде 27 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Оның 17-сі жыл соңына дейін тапсырылмақ. Батыс Қазақстан облысына барған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс жұртшылығымен жүздесіп, білім беру саласының мұң-мұқтажымен танысты.

Биыл өңірде білім саласындағы құрылыс қарқын алды. 9 мектептің құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша осы жазда басталса, шағын құрамды 15 білім ордасы КПО компаниясының қаржысына бой көтеруде. Сонда апатты жағдайдағы 3, оқушы сыймай жатқан 14 білім ордасының мәселесі оң шешілмек.

Зәуре Ғұмарова, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

- Облыс мектептерінің спорт залдармен және спорт жабдықтарымен қамтылуының жеткіліксіздігі байқалады. Спорт залдары 89 бастауыш және шағын жинақты мектептерде жоқ. Бұл мәселе біртіндеп шешілсе, биылғы жылы бейімделген ғимараттарда орналасқан шағын жинақты мектептерді жою үшін КПО б.в. қаражаты есебінен 15 шағын жинақты мектеп құрылысы жүргізіліп, спорт залы жоқ мектептер саны азаятын болады.

Білім сапасын жақсарту ісі білім ордасының материалдық-техникалық базасын жақсартумен ғана шектелмейді. Білім беру процесін тиімді іске асыру үшін мектеп әкімшілігі өзгерістерді жоспарлау мен басқаруда жаңа әдістерді қолдануы қажет. Осы бағытта Оқу ағарту министрлігі «1000 мектепті қолдау» жобасын іске қосты. Жобаға Орал өңірінен 55 мектеп тартылған. Сондай-ақ тәрбие бағытында да тың жобалар бар.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізіп отыр. Бұл оқушылар арасында тәрбиелік мәселені жоғары деңгейге жеткізуге арналған, ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарлама. Оның шеңберінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылып жатыр. Жалпы бала тәрбиесінде мектеппен бірге ата-ана байланысын күшейту арқылы жалпы көптеген жетістіктерге жетуге болатынын көріп отырмыз.

Жайық жұртшылығымен жүздесу барысында білім беру саласындағы жаңалықтар мен өзекті мәселелер талқыланды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов