Бурабай мен Зерендіде демалыс маусымына қызу дайындық жүріп жатыр

Ақмола облысында қысқы демалыс маусымына қызу дайындық жүріп жатыр.

Мамандар биыл 200 мыңнан астам адам келеді деп болжап отыр. Әсіресе Бурабай мен Зерендіге сұраныс жоғары. Ал туристердің алғашқы легі жаңа жылға қарай келеді. Курорттық аймақтың қызығы көп пе? Қызмет көрсету сапасы мен демалыс бағасы қанша?

Зеренді ауданындағы мына демалыс орны бір мезетте 200 адамды қабылдай алады. Туристерге түрлі бағдарлама әзірлеп жатыр. Биыл орталық басты басымдықты емдік-сауықтыруға беріп отыр.

Жадыра Есенбаева, демалыс орыны директорының м.а:

- Қазір біз «даму» бағдарламасы аясында ем қабылдайтын профилактикалық нысан салып жатырмыз. Төрт қабатты мекемеде біз диогностикалық емдеу шараларын дамытқымыз келеді. Нысан келер жылы іске қосылады. Ал баға жағына тоқталсам, қазір біздің демалыс орнында екі адамға 41 мың теңгеден шығып отыр. 

Зерендідегі 40 демалыс орынының 12-сі жыл бойы қызмет көрсетеді. Қысқы уақытта туристердің көбі мұнда қар жамылған тылсым табиғатты көріп, саф ауасымен тыныстау үшін келеді. Одан кейін қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ойын-сауық түрлерін іздейді. Бірақ олар жоқтың қасы. 

Асхат Ахмедиянов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл біз тағы бір шаңғы трассасын салдық. Қысқы балық аулау саласына көңіл бөлініп отыр. Аудан орталығынан 13 млн теңгеге  мұз қалашығы бой көтереді. 

Жалпы курорттық аймақта жылына бір миллионнан астам турист табан тіресе, соның 15-20 пайызы қысқы уақытта келеді. Яғни демалушылар саны көп деп айтуға келмейді. Сондықтан демалыс бағасына да әсер етеді. 

Андрей Подгурский, туризм басқармасының басшысы:

- Қысқы уақытта біздің қонақтарымыз жеңілдетілген бағада демалуға мүмкіндіктері бар. Өйткені күзгі және қысқы кезеңде туристік нысандар акциялық жеңілдіктер көп ұсынады. Яғни баға екі, екі жарым есеге түседі. Мысалға, жазғы уақытта қонақ үйлердегі бастапқы бағы 30 мыңнан басталса, қысқы уақытта 20 мыңға да орын табуға болады.

Қазіргі уақытта өңірде қызмет көрсететін туристік нысандардың саны 600-ден асады. Жалпы биыл туризм саласына тартылған инвестиция көлемі екі есеге көбейіп, 23 млрд.теңгеге жетті. Қазір 65 жоба жүзеге асып жатыр.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный