Атажұртқа оралып, атакәсіпті жаңғыртты

Қазақстан халқының санын көбейтіп жатқан бір себеп - сырттағы елдің атажұртқа оралуы.

Тәуелсіздік алғалы бері бір ғана Қостанай облысына 36 мыңнан астам ағайын көшіп келген. Солардың бірі Алмат Нұрмаханов.

Ия, керегесі кеңейген елдің шаңырағы да биіктейді. Алмат Нұрмаханов бұл өңірге тың кәсіп, түйе өсіріп, шұбат өндіріп отыр. Оның алдына салған ойсыл қара саны отыздан асады. Алда мал басын одан әрі ұлғайту ойы бар.

Елге оралған ағайынның қуанышына ортақпыз. Кезінде Қытай, Үндістан, Ауған, Иран, Түркия одан Еуропа асып тарыдай шашылған қазақтың бүгін елге оралуы әрине тәуелсіздіктің арқасы ғой. Бұл бір ғанибет емес пе?!

Тәуелсіздікке ілесіп келген ұлы көш тоқтамасын деп тілейік.

Алмат Нұрмаханов Өзбекстаннан тарихи отанына 2003 жылы оралды. Бастапқыда Рудный қаласына көшіп келіп, кен орынында жұмыс істеген. Одан кейін сол маңдағы Юбилейный ауылына қоныс аударады. Шағын несиеге 5 түйе сатып алып, атакәсіпке ден қояды. Содан бергі он жылдың ішінде ұлттық сусын-шұбатымен бүкіл өңірге танылды.   

Алмат Нұрмаханов, кәсіпкер:
- Екі рет Үкіметтен жеңілдетілген несиемен қаржы алып, соны түйе шаруашылығымен айналысып отырмыз. Кәсіп бастаймын, жұмыс істеймін деген адамға үкіметтің беретін жәрдемі бар. Көмегі менің ойымша жетеді. Бірақ енді соны пайдаланып, ала білу керек. Жасап білу керек деген сияқты ғой.

Жұбайы Роза да осы шаруашылықтың басы-қасында. Жыл он екі ай түйе сауып, шұбат ашытады. Сабақтан босаған кездері балалары да қолқанат. Енді олар күре жол бойында ұлттық сусын, тағам сататын этноауыл тұрғызуды жоспарлап отыр.   

Алмат Нұрмаханов, кәсіпкер:
- Алдағы қойған мақсатымыз, енді біз өзіміздің алған жерімізде трассаның жанынан алаң салып берсе, сол жерге киіз үй қойып, сол жерде қазақтың ұлттық тағамдарымен қатар ұлттық ойындарын дәріптеу, сол сияқты енді бір жағынан агротуризм, бір жағынан придорожный сервис дегенді дамытқымыз келеді.

Тарихи Отанына оралған қандастарымыздың тез бейімделіп, сіңісіп кетуіне мемлекет барынша жағдай жасап жатыр. Азаматтық алу мерзімі алты айдан үш айға қысқарды. Биыл үй салуына немесе сатып алуына ұтқырлық сертификаты беріле бастады. Яғни баспана шығынының белгілі бір бөлігін үкімет өз мойына алады.

Айсәуле Омарбекова, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
- Жылдан-жылға қандастар бірте-бірте артып келеді. Мысалға алатын 2023 жылы облыста қандас мәртебесін 1128 адам алды. Өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биылғы жылы қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына 352 адам енгізілді. Жоспар толығымен орындалды. Квотаға іліккен қандастардың жұмысқа жарамдылары, бәрі жұмыспен қамтылды.    

Айта кетелік, келер жылға қандастарға бөлінетін өңірлік квота саны әлі анықталған жоқ. Бірақ биылға қарағанда біршама көп болады деген болжам бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг