Қазақстандықтар шаруалар агросектор саласында тәжірибе алмасты

Қазақстандық шаруалар австралиялық әріптестерімен кездесіп, мал өсіру әрі оны бордақылау жайымен танысты.

Жасыл құрлықтағы ел агросаласында алға кеткен. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастап барды.

Аустралияда аграрлық сектор – ел экономикасының негізгі саласының бірі. Әсіресе мал шаруашылығы мен экспорт үлесі бойынша әлем елдерінде көш бастап тұр. 100-ге жуық тұтынушы ел бар. Мұнда ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Соған қарамастан әлем елдеріне саланы дамытудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Қазақстандық делегация алдымен «Оңтүстік Аустралияның мал шаруашылығы» ірі салалық ұйымында болды. Мұнан соң олар сала мамандарын даярлайтын озық жоғары оқу орнына барды.

Вэйн Питчфорд, Аделаида университетінің профессоры:

-Біздің университет құрғақ климатта ауыл шаруашылығын дамытуға маманданған. Жауын-шашын картасы арқылы қай штатта қандай дақыл мен мал түрін өсіру қажеттігін анықтауға болады. Мәселен, ірі қара мал теңіз жағалауына жақын жерде өсіріліп, бордақыланады. Ал қойларды құрғақ жерде бағуға болады. Астық дақылдары су мол  өсіріледі.

Австралиялықтар климаттың олқылығын ескеріп, мал басын көбейтуге асықпайды екен. Бір жағынан жерді құнарынан айырғысы келмейді. Олардың мал өсіру мен күтіп-бағудағы осы әдісі қазақстандық мамандарды ерекше қызықтырды. Енді жергілікті шаруалар: «Бұл елдің тәжірибесін Қазақстанда жүзеге асырып, саланы дамытуға күш саламыз», - деп отыр.

Сырым Ертаев,  шаруа /Түркістан облысы/:

-Қазақстанда етті бағыттағы малды көбейтуге үлкен мүмкіндік бар. Әрине, ол үшін оның тілін білу керек. Біз сол малдың тілін білетін мамандармен сөйлесіп, қалай оларға қарау керектігін, оларды әдемілеп бордақылап, одан кейін ет комбинатына өткізеді. Соны үйренуге келдік. Сол нәрсені елімізге апарып дамытып, үлкен, ауқымды түрде мегафермаларды соғып, дамытуымыз керек.

Мұнан соң делегация Австралиядағы ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші «Elders» компаниясының басшылығымен кездесті. Компания австралиялық фермерлерге агрономиялық консалтинг, мал, көміртегі шаруашылығы, геномика бойынша қызмет көрсетудің кең спектрін ұсынады. Жергілікті агроменеджер Брюс Криктің сөзінше, аймақ климаты ыстық болғанына қарамастан, шаруашылық дұрыс жолға қойылған.

Брюс Крик, агроменеджер:

-Солтүстік агроға біз Канада, АҚШ және Австралиядан 4,5 мыңға жуық ангус сиырларын әкелдік. Сондай-ақ 6 мың гектарға жуық шаруа қожалығына егіс алқаптарын дайындап, қыс, жаз маусымына сәйкес бордақылау алаңы мен барлық қажетті инфрақұрылымды салдық. Сіздерде жер, инвестициялау бар, орталықта орналасқансыздар, сіздерде мүмкіндік көп. Ең бастысы, сауданы дұрыс жолға қою керек.

Австралиялықтар шағын алқаптарға бидай, арпа, рапс, сұлы, бұршақ сынды дәнді дақылдарды өсіріп отыр. Алдағы уақытта осы бағытта шаруашылық аясын кеңейтіп, қазақстандық серіктестермен бірлесіп жұмыс атқаруға мүдделі.

Автор: Әсия Нұрлыбаева