Елімізге «Текенің бұрқылы» келді

«Қыстың басы бір ерте, біреуі жай...».

Биылғы қыстың басы қара қатқақпен басталып, алғашқы аяз елге әбігер туғызғаны белгілі. Елдің ендігі күткені – «Текенің бұрқылы».

Желтоқсанның үшінші онкүндігінде соғатын ақ боранды қазақ осылай атайды. Не себепті?

Қарашада жұртты қарасуық қажытса, желтоқсанда қар түспей біраз алаңдатты. Қар түспеген соң, аяз да күшейеді. Этнограф, жазушы Төрехан Майбастың айтуынша өткендегі аяз – Қырбастың қызылшұнағы.

Төрехан Майбас, этнограф:

- Қырбас деген – осы Арқада өмір сүрген адам. Бұл – атақты Көкбөрі жарлақ батырдың баласы. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың күйеу баласы. Бірқырға шығып кеткен ғой мал жағдайымен, қайтып келсе, құлағы домбығып қып қызыл болып тұр екен. Ойбай, құлағыңыз дей бергенде ана кісі не болды деп құлағын қамшымен қағып жіберген ғой. Сонда құлағы қолына түскен екен. Содан бастап бұл аязды Қырбастың қызыл шұнағы дейді.

Табиғатпен етене қазақтың есепшілері күн райын алдын ала біліп отырған. Ауыл-ел желтоқсанда ықтасын жасап, аяқ жетер жерде жайылатын малын қолға қаратады. Жылқышысы да қостың қамына кіріседі. Өйткені қызылшұнақ өткенімен, алда текенің бұрқылы таяу тұрады. 

Махамбет Маратов, «Қазгидромет» РМК инженер синоптигі:

- Республиканың солтүстік және шығыс бөлігінде, сондай-ақ орталығында атмосфералық фронттардың өтуімен түнде қар, күндіз жауын-шашын (қар, жаңбыр), түнде солтүстік пен шығыста қатты қар күтіледі. 23 желтоқсанда Атлантикалық циклонының әсерінен Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында жауын-шашын жаңбыр және қар болжанады. Республика бойынша көктайғақ, бұрқасын күтіледі және жел 15-20, екпіні 25 м/с-қа дейін күшейеді.

Текенің бұрқылы – киіктің үйірге түсетін мезгілі. Біраз ел «текебұрқақ» деп те атайды. Бұл уақытта бірнеше күн бойы алай-түлей боран соғады. Тек қазақтың ұшы-қиыры жоқ байтақ даласының бір шеті мен бір шетіне боран да бірнеше күн жүреді. Сол себепті Текенің бұрқылы біріне ерте, біріне кеш жетсе таңданудың қажеті жоқ. 

Төрехан Майбас, этнограф:

- Осы кезде күн байланады, түк көрінбейтін борандар болады. Бірақ бұл да – жаңағы сырғақ борақ. Сондықтан бұны «текебұрқылдақ» дейді. Текебұрқылдақ деу себебі мынау арқардың үйірін қорамтой дейді ғой, сол қорамтаға үйірге түсетін бірінші құлжаның біріншісін құжын дейді.  Құжындар күйікке түскенде бұрқылдайды. Сондықтанда мұны текебұрқылдақ деп жүрміз.

Иә. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?!» Қоңыр аң жылы жаққа кеткенде қазақ алдындағы қара-құрасына қарап қалады. «Қыстың қамын жаз ойла» дейтін жұрт жем-шөбін қамдап алған бұл кезде. Тек қыс аяғы ұзап кетпесе екен деп тілейді. 

Авторы: Зарина Кәп.