Жетісу облысы әкімінің журналистерге арналған жүлделері табысталды

Жетісу облысы әкімінің журналистерге арналған «Алау» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Талдықорғанда Жетісу облысы әкімінің журналистерге арналған «Алау» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ол биыл 9 номинация бойынша өтті. Байқауға 100 шақты қатысушыдан өтініш түскен. Мақсат – билік пен халықтың арасында дәнекер болып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ынталандыру.

«Алау» журналистер байқауында «Хабар» мен «24 KZ» арнасының екі қызметкеріне бірінші орын берілді. Әріптесіміз Шыңғыс Қалиден «Үздік телесюжет», Қуаныш Түргенбаев «Үздік оператор» номинациясының жеңімпазы атанды.

Шыңғыс Қалиден, байқау жеңімпазы:

Біз бұл байқауға Жетісудың жақұтына баланған Жасылкөл туралы бейнематериал түсірген болатынбыз. Өздеріңіз білесіздер, ол өте қашықта жатқан көл. Табиғаты ерекше көл. Таудың қия беткейімен 2,5 сағат жол жүрген болатынбыз. Шынын айтқанда, өте қуаныштымыз еңбегіміздің ақталып жатқанына.

Сандуғаш Дүйсенова «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланымдар» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды. «Үздік мерзімді баспа материалы» номинациясында «Жетісу» газетінің редакторы Айгүл Байбосынованың бағы жанды. Бейсен Құранбек атындағы «Кәсіби шеберлігі үшін» арнайы жүлдесі «Жетісу» радиосының жетекшісі Есболат Айдабосынға берілді.

Есболат Айдабосын, байқау жеңімпазы:

Осындай жүлдеге лайықты деп тапқан екен мені. Басқа сыйлықтарға қарағанда мұның құны да, жалпы салмағы да мен үшін жоғары деп ойлаймын.

Журналистерге арналған мұндай жоба еліміздің өзге өңірлерінде көп өтпейді. Ал Жетісу облысында оған бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді. Байқаудың жүлде қоры да жыл сайын ұлғайып келеді.

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов