Өскемендік оқушы тарихты комикс арқылы танытты

Тарихты комикс арқылы танытқан оқушы.

Өскемендік Асыл Сұңғатқызы қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін, ертегі-аңыздарды, ұлы тұлғалалар жайлы мәліметтерді суретпен әрлеп, бірнеше кітап шығарды. 3 альбомның авторы атанған ол әлі талай тарихи тақырыпты қозғамақ. Себебі «сөзінен суреті көп, ойы жинақы бұл бағыт әсіресе оқушыларға қызық», - дейді ол.

Асыл Сұңғатқызы «сананы сандық технология билеген заманда әдебиеттен сусындаудың бір жолы – комикс» деп санайды. Сондықтан тарихқа құмар қаршадай қыз үлкен шығармаларды аядай кітапшаға сыйдырып, суретпен әрлеп, қатарластарына ұсынып келеді. Туындыларды кішкентай оқырмандар қызыға оқитын болған.

Асыл Сұңғатқызы, оқушы:

- Енді мен «Батыр Баян» поэмасымен осы былтыр 8-сыныпта танысқан болатынмын. Өте ауқымды поэма, оны түсініп, меңгеріп, мәнін ұйғарып алу өте қиын, сол себепті, менің ойымша, осылай сурет арқылы оқыған тиімдірек сияқты. Тез оқылады және тез есте қалады сурет арқылы.

Қылқаламға құштар қыз «Батыр Баянды» комикс жанрында сөйлетуге 7 ай жұмсаған. Осы уақытта анасы қасынан шықпай, үнемі қолдау көрсеткен. Себебі шабыты келгенде Асылдың ұйқы көрмей кететіні бар.

Лаура Әбілмажинова, анасы:

- Асыл суретті түнгі уақытта салады, енді мен ойлаймын, шабыты сондайда келе ме деп, енді ол шабыт келгенге байланысты кейде суреті бірден шығады, кейде сурет бірден шықпай, 1-3 рет салатыны болады. Ондайда, иә, шаршайды, демалдырамыз.

«Батыр Баянмен» қатар Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың еңбегі де альбомдарға арқау болды. «Ер Төстік» те ерекше сөйледі. Тіпті суретші қыз ұлт зиялыларына арналған ерекше жапсырмалар да шығарған. Асыл әр бейнеге айрықша көңіл бөледі.

Асыл Сұңғатқызы, оқушы:

- Кейіпкерлердің мінездемесін байқаймыз ғой, сол кейіпкерлерді елестету маған аса қатты қиындық тудырмайды негізінде. Шамалап «наброска» саламын, эскиз ойда жасап аламын, сосын өмірде жасаймын.

Жансая Әшкенова, А.С Пушкин атындағы кітапхананың бөлім басшысы:

- Қазіргі заманда бүгінгі таңда шығарма кейіпкерлерін комикс арқылы жеткізу біздің жасөспірімдер арасында ең танымалдыққа иеленген жанр деп айта аламыз. Өйткені өзіміз кітапханада, мына балалар бөлімінде куәсі болып отырмыз, көбіне осы комикс жанрында салынған кітаптар өте сұранысқа ие.

Жеткіншектің таным көкжиегін кеңейте түсу үшін ата-анасы Асылға үнемі тарихи жерлерді аралатуға тырысады. Ұстаздары суретшіге енді Бердібек Соқпақпаевтың, Марат Қабанбаевтың балаларға арналған әңгімелерін комикске айналдыруды ұсынады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.