2024 жылға қатысты болжам айтылды

2024 жыл кібісе жылы болып саналады.

Кібісе жылы төрт жылда бір айналып келеді. Яғни басқа жылдарда 365 күн болса, кібісе жылында 366 күн бар. Басы артық бір күн ақпан айының үлесіне тиеді. Күнтізбедегі бұл өзгерістің мәні неде? Кібісе жылының қандай ерекшелігі бар? 2024 жылдың иесі Ұлудың түр-әлпетін дұрыс бейнелеп жүрміз бе?

Кібісе жыл қосымша күні бар жыл деген сөз. Яғни кіріккен күн деген мағынаны береді. Қолданыстағы Григорян күнтізбесінде бір жылдық күн қозғалысы 365 күннен тұрады. Бірақ іс жүзінде Жер Күнді дәл 365 күнде айналып өтпейді, - дейді ғалымдар. Әр жылда күн қайырудан 6 сағаттан артылып отырады. Артық қалған сағаттар төрт жылда бір тәулік болып күнтізбеге қосылады. Бұл жәйтті ежелгі мысырлықтар мен римдіктер де білген. Ал орта ғасырларда шығыс ғалымдары осы мәселені зерттеуге ерекше үлес қосқан.

Тәттігүл Қартаева, ҚазҰУ профессоры, этнограф-ғалым:

- Кібісе жылды есептеуді тұрақтау ол Шығыстан басталады. Селжүк династиясының сұлтаны Мәлік шах 1072 жылы билікке келеді. Өзінің билікке келген кезіндегі ең алғашқы қолға алған әлеуметтік маңызы бар, саяси маңызы бар істің бірі ол күнтізбені есептеп қайта шығару. Обсерватория соқтырады. Оған Омар Хайям, Әл Баси сияқты бүкіл шығысқа белгілі ғалымдарды жинап, нәтижесінде күнтізбе жасалып, күн қозғалысына негізделген күнтізбе жасалып, кібісе жылды есептеп шығады.

Ел арасында Кібісе жылына қатысты түрлі наным-сенімдер бар. Мәселен, бұл жылы қиылған неке сәтсіз болады,-деп ырымдап жатады. Алайда статистикаға сүйенер болсақ, оған ешқандай дәлелдер жоқ. Мәселен, 2020 жылы Алматыда тіркелген некенің 5284-і сәтсіз болған. Ал 2021 жылы қосылған жұптардың 5281-нің жолы екіге айырылған. Демек, айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сондай-ақ Кібісе жылында табиғи апаттар жиілейді деп жатады. Бұл да бос наным. Биыл Түркияда болған жойқын жер сілкінісінің кібісе жылымен еш байланысы жоқ екені айдан анық.

Аманжол Қалыш, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Жастар үйленемін десе, жастар пәтер алайын деп жатса, орта буындағылар үй саламын деп жатса, мынадай кібісе жылы високосный жылы болмайды деген ондай бізде ешқандай қараңғылық болмау керек. 24-жыл келе жатыр, мен өзім отбасым балаларым үлкен үмітпен қарсы алайық деп отырмыз оны. Ешқандай оның байланысы жоқ.

Шығыс жылнамасына сәйкес, 2024 жылдың иесі Айдаһар, біздіңше Ұлу. Он екі мүшелдің бірі Ұлу жәндік пе, әлде жыртқыш аң ба? Себебі қазір мүшелді бейнелейтін суреттер мен ескерткіштерде ұлу жылында жұмсақ тінді су жәндігі бейнеленген. Бұл өрескел қате, дейді этнограф ғалым Тәттігүл Қартаева. Қазақ халқы жыртқышқа, азулы хайуандарға эвфемистік атау қолданған. Яғни жанама, бүркеме атаулар берген. Ұлу Айдаһардың жанама атауы, дейді ғалым.

Тәттігүл Қартаева, ҚазҰУ профессоры, этнограф-ғалым:

- Соңғы жылдары қазақ күнтізбесіндесуда өмір сүретін жәндік, яғни зоологиялық тұрғыда маллюскалар тобына жататын ұлуды көрсетіп жүр, яғни улитканы көрсетіп жүр. Бұл улитканы көрсету деген қателік. Алғашқы жазба ескерткішінің бірі жыл қайыруға байланысты ол Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» деген еңбегі. Сонда 5-жылды нек жылы тимсақ жылы деп береді. Түркі сөздіктерінің барлығында осы нек жылы тимсақ жылы деп беретін жазбасын ол қазіргі күнгі жыл қайырудағы 5-жыл айдаһар жылына тура келеді деп жазылады. Осы бесінші жылға ие хайуан ол су хайуаны деп жазған.

Қалай болғанда да жыл иесінің сумен байланысы бар. Сондықтан жорамалшылар келер жылы құрғақшылық болмайды, жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өтеді, деп болжап отыр.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев