Өскемен тұрғындарының 99% орталықтандырылған сумен қамтылды

Өскемен қаласы тұрғындарының 99%-ы орталықтандырылған сумен қамтылды.

Бұл туралы жергілікті коммуналдық қызметтің өкілдері мәлімдеді. Тоз-тозы шыққан құбырлар жаңасына ауыстырылды. Әсіресе шаhардың шеткі аудандарында көп жұмыс тындырылды. Жаңғыртулар биыл да жалғасады. Себебі қала аумағына 9 ауыл қосылады деген жоспар бар.

Қала шетіндегі Шмелёв Лог елді мекенінің тұрғындары тіршілік нәрін тасып ішетін. Себебі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған желі әбден тозып, істен шыққан. 2018 жылы қайта жаңғыртылып, тұрғындар суды үйлеріне қыркүйек айында тартып алды. 

Серік Әбүйіров, Шмелев Лог ауылының тұрғыны:

- Қазақта сөз бар: «Отын олжа, су қорлық»,- дейді. Күнделікті су тасығанға кейде уақытың болады, кейде болмай қалады. Жуатын кірлері бар. Тасыған су конечно жетіңкіремей жүрді енді. Қазір жақсы. Көп рахметімді айтамын.

Биыл шаhар шетіндегі 363 жеке тұрғын үй орталықтандырылған суға қосылды. Жергілікті билік бұл аудандарды Өскемен қаласының шекарасына қосуға мәжбүр болды. Себебі проблеманы шешу үшін миллиардтаған қаржы қажет еді. Ал ауыл бюджеті оны көтере алмайды. Жалпы қазір қаладағы желілердің 60%-дан астамы ескі.

Рашид Шерубаев ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі басшысының орынбасары:

- 2024 жылы сумен жабдықтау бойынша үш жобаны жүзеге асырамыз деген жоспар бар. Себебі уақыт өткен сайын тұрғындар саны артып, жеке секторлар көптеп салынып жатыр.

Коммуналдық қызметтердің ресми статистикасына сүйенсек өскемендіктердің 99% орталықтандырылған суға қосылған. 2014 жылдан бастап қалада су құбырларын тарту және қайта құру жобаларына 98 миллиард теңге инвестиция салынған. 

Самат Қайырденұлы, Вячеслав Ветлугин Дмитрий Пыхтин