Ойқарағай туристер мекеніне айналады

Алматы облысының туризм саласын дамытуға 58 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады.

Облыс әкімдігі мен жеке инвесторлар «Ойқарағай» тау-шаңғы кешенін дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес алдағы бес жылда курорт аумағы кеңейтіледі. Онда аспалы жол, парапланшылар алаңы, глэмпинг, мейрамханалар мен қонақ үйлер салынады. Демалыс орнын халықаралық деңгейге жеткізу үшін қосымша 22 шақырым шаңғы жолы қолданысқа беріледі. Жоба жүзеге асқанда, 550 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Талғар қаласы мен «Ойқарағай» аралығындағы күре жол күрделі жөндеуден өтеді. «Болашақта таулы аймақтың бір жылда 600 мың туристі қабылдауға мүмкіндігі мол»,- дейді мамандар.

Арқау Шантаев, Туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Қосымша жылына 1,6 млрд теңге мемлекетке салық түсетін келісімге қол қойылды. Бүгінгі күні аталған жобаны жүзеге асыру бойынша «Жол картасы» әзірленуде. Жол картасы ішіне мемлекет тарапынан курортқа дейін апаратын жолдарды жөндеу құрылысы бар. Газ, су, электр желілерін тарту бойынша бізде инженерлік инфрақұрылымдық жобаларымыз бар. Оны жүзеге асыру алдағы уақытта іске асатын болады.