Қоғамдық орындарда тәртіп сақтамағандар жауапқа тартылады

Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс.

Бұл барлық азамат үшін мызғымас қағида болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осылай деді. Алайда көпшілік біле бермейтін заң талаптарын да жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, кейбір жандар айналасындағы азаматтардың мазасын алып тұрғанын байқамай жатады. Тәртіп пен құқықтық жауапкершіліктің шекарасы қай жерде?

Қоғамдық орындарда өзін бейәдеп ұстаған кез келген азамат әкімшілік жауапкершікке тартылатынын білуі керек. Сырт көзге оғаш көрінетін, бірақ азаматтың өзі үшін қалыпты дүние саналатын қандай да бір іс-әрекет құқықбұзушылық болуы мүмкін. Бұл есіңізде болсын.

Айдын Оразбаев, ҚР ІІМ комитеті басқармасы бастығының орынбасары:

- Ішкі істер органдары азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Айтар болсақ, азаматтар заң нормаларын білмеуіне байланысты көптеген құқықбұзушылықтар жасайды. Мысалы, көшеде келе жатып түкіреді немесе пісте шағып, қалдықтарын жерге тастайды.

Көшені біліп-білмей ластағандар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Жалпы былтыр қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, тыныштық бұзғандардың саны 16 мыңнан асқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 2 мың заңбұзушылыққа көп.

Айдын Оразбаев, ҚР ІІМ комитеті басқармасы бастығының орынбасары:

- Белгіленбеген жерде темекі шегу. Көп азамат біле бермейді. Балалар ойнайтын алаңдарда, автокөлікпен келе жатқанда салон ішінде кәмелет жасына толмаған бала отырса, темекі шегуге тыйым салынған.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабына сәйкес қоғамдық орындарда белгілі бір өнім немесе тауарларды, сонымен қатар қызмет түрін ұсынуға болмайды. Бұл да жұрттың мазасын алады, - дейді заңгерлер.

Айдос Шәріпжанов, заңгер:

- Өкінішке қарай, азаматтар ұсақ-түйек әрекеттердің соңы қандай да бір жауапкершілікпен аяқталантындығын білмей жатыр. Ол АЕК түріндегі айыппұл болуы мүмкін, сонымен қатар 15-тен 30 тәулікке дейін қамаққа алынуы мүмкін. Мысалы, кешкі сағат 22:00-ден таңғы сағат 9-ға дейінгі аралықта ешкімнің тыныштықты бұзуға қақы жоқ. Әр азамат үйіне келіп демалады, отбасымен болады.

Әуежайлар мен теміржол вокзалдарында жолаушылардың жолын бөгеп, такси қызметін ұсына беретін жүргізушілер де заңды белден басып жүр. Бірақ оны көбі білмейді. Ал заңды білмеу жауапкершіліктен еш босатпайды. Айта кетейік, өткен жылы елде 9,5 млн астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров, Өрден Жарқын.