Өскеменде жедел жәрдем бекеттері жетіспейді

Жедел жәрдемнің бір бригадасы 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуі тиіс. 

Бұл заңмен белгіленген талап. Алайда, қалалар мен аудандарда халық саны артуда. Мәселен қазір Өскеменде 400 мың адам тұрады. Соңғы 10 жылда облыс орталығына болашағы жоқ ауылдардан 80 мың азамат көшіп келген.

Болашақта Өскеменге тағы 9 елді мекен қосылады деген жоспар бар. Мұнымен қоса 200-ден астам көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Қаланың шекарасы кеңейген сайын шет аймақтарда тұратындарға жедел жердем көлігінің келуі қиындаған. Сол себепті облыс орталығына тағы қосалқы үш бекет қажет.

Татьяна Чернышова, қоғам белсендісі:

- Мәселе өткір тұр. Өйткені қаламыз жылдан жылға ұлғайып жатыр. Жедел жәрдем бригадасы шақыртуға дер кезінде жетуі тиіс. Сол себепті қосалды бекеттерді ашуымыз керек. Менің бұл сұрақты көтеріп жүргеніме бір талай жыл болды.

Облыста медицина қызметкерлеріне жүктеме артты. Мамандар 2022 жылы жедел жәрдем көлігінде 50 адамды құтқарып қалған. Ал былтыр тұрғындардан 200 мыңнан астам қоңырау түскен екен.

Төлеген Жігітаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қосымша қосалқы станциялар қажет. Сондай-ақ көлік мәселесі тағы бар. Уақыт өткен сайын техникамыз тозып жатыр. Сол себепті алдағы уақытта осы мәселелерді шешетін боламыз. 

Күрмеулі мәселені тарқату үшін қазір тиісті өтінімдер дайындалуда. 2020 жылы Шығыс Қазақстан және қазіргі Абай облысына деп бюджет қаражаты есебінен 100 көлік сатып алынған еді. 4 жыл ішінде олардың көбі әбден ескірді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин