Ақтөбеде өрттен зардап шеккен отбасыға көмек көрсетіліп жатыр

Ақтөбеде қарапайым тұрғындар мен полиция қызметкерлері өрттен зардап шеккен отбасының үйін қалпына келтіруге көмектесіп жатыр.

Тілсіз жаудың кесірінен көп балалы жанұя қақаған қыста баспанасыз қалған еді. Енді оның жағдайына бей-жай қарамаған жомарт жандар қолдан келген жәрдемін беруде.

Бұл оқиға 6-шы қаңтарда болған. Жұбаныш Нажмадиновке үйінен өрт шыққаны жайлы көрші дүкеннен хабарлап айтады. Абырой болғанда, үйде ешкім болмапты. Өзі, жұбайы және төрт баласымен бірге тумаларына қонаққа барған. Дегенмен суыт хабарды ести сала үйіне жеткенде, шатыры жанып, бір бөлменің төбесі ішке опырылып түскенін көреді.

Жұбаныш Нажмадинов, Бауырластар-2 ауылының тұрғыны:

- Біз келсек төбе жанып жатыр. Бізден кейін шамалыдан кейін пожарный келді, сөндірді уже. Мына бөлмені сындырдық та осы бөлмеден кірдік. Осы бөлмеден киімдерді алдық, документ алдық. Ештеңе іске аспайды ғой, мына үстіміздегі киімдерді да көршілер әкеп беріп жатыр. Қазір отбасым осы арада көршінің времянкасы бар еді, сол үйде тұрып жатыр.

Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Бірақ, қызыл жалын төбеден өзге, үй ішін де шарпыған. Бұл көп балалы отбасы үшін үлкен соққы болды. Себебі, отағасының өзі әзір жұмыссыз болса, жұбайы бала күтімімен отыр. Әрі мұнда зейнет жасындағы атай да тұрады. Ал қақаған қыста қиындыққа тап болған жанұяның жағдайы әлеуметтік желі арқылы жарияланған соң, қол ұшын беруді жөн көрген қарапайым тұрғындар да, ұйымдар да аз емес. Алғашқылардың бірі болып, полицияның арнайы жасағы көмек көрсетті.

Талғат Сабуров, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы:

- Сол күні бір взвод болып келдік, 25 шақты жігіт болып келдік. Сантехника, астындағы стяжкалардың бәрін бұзып, кафелдерін бұзып, бүкіл күйген мусорлардың бәрін шығарып, сырттағы бәрін бүкіл ауыр жұмыстың бәрін істеп беріп кеттік. Біздер бұдан да бөлек, басқа осындай қайырымдылық іс-шараларға көп барып тұрамыз.

Үйді қалпына келтіруге ағайын туыс пен көрші-көлем түгел атсалысып жатыр. Он жыл бұрын салынған баспананың іші мен сырты толықтай жаңартылмақ.

Аслан Адаев, көршісі:

- Салып жатырған бригада бар, ағашын тастап жатыр, қағып жатыр, минватасын салып жатыр. Ішкі жұмыстарын жасайтын бригадасы бөлек. Жан-жақтан көмектесіп жатыр.

Жұбаныш Нажмадинов, Бауырластар-2 ауылының тұрғыны:

- Көршілерім бар, тума-туыс бар, ауылдастарым бар әйтеуір бәрі көмектесіп, қыстыгүні қырауға қарамай төбемді жауып беріп жатыр. Бұйырса амандық болса, 1-2 айдың шамасында істеп, осы қайтадан үйге кіреміз ба деп тұрық.

Өрттің неден шыққаны әлі анықталып жатыр. Жалпы, жыл басталғалы облыста 20 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 12-сі тұрғын үйлерде болған. Зардап шеккен ешкім жоқ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев