Қандастарды қолдауға арналған жоба қолға алынды

Шетелдерде тұратын қандастарымыз елге қоныс аудармас бұрын үй алып, жұмысқа тұра алады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл жаңа тәртіп аясында 6 мыңнан астам арыз қабылданды. Жалпы елімізде жыл сайын тарихи отанына оралушылар саны артып келеді. Былтыр 21 мың адамға «қандас» мәртебесі берілді. Олар түрлі жеңілдіктер мен арнайы көмек алды. Енді Шығыс пен Павлодарға көшіп келемін деушілерге жеке көмекші тағайындалады. Көмекші не үшін керек? 

Жақында Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында пилоттық жоба жүзеге асырыла бастады. Оның аясында 242 отбасыға жеке көмекші тағайындалды. Сол көмекті алғандар қатарында Моңғолиядан келген Әби Жырғау бар. Өзі мұғалім боп еңбек етеді. Ал жолдасының жеке кәсібі бар.  Биыл ата-анасын Қазақстанға көшіріп әкелмек. Мемлекеттен қаржылай көмек алып, үй құрылысын бастап кеткен.

Әби Жырғау, қала тұрғыны:

- Осында келіп, жер алып, қоныстанып жатырмыз. Квотаның алғашқы несі, көшіп келу жол ақысы деп бір адамға 240 мыңға жуық 3 адамға ақша алдық. Соның бәрі көмек болды. Құжат жинауға, барлығына. Одан кейін көшіп келген оралмандарға берілетін сертификатқа еніп, соның алғашқы жарнасын алып, мұнда үй салып жатырмыз.

Аталмыш пилоттық жобадан бөлек, оңтүстіктің тұрғындары арнайы квота арқылы 8 өңірге көше алады. Бұл тізімде Ақмола, Абай, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.

Қайрат Базенов, қала тұрғыны:

- Мен Тараз қаласынан Өскемен қаласына қоныс аудардым. Осында келгелі Мансап орталығына жүгіндім. Мамандар толық ақпарат берді. Одан жұмысқа орналасуыма көмектесті. Жұмыс тауып берді. Ақшалай көмек алдым. Ұлым осында. Жұмыста. ТЖМ-да жұмыс істейді. Ол да келді. Келіншегім осы қалада медицина саласында жұмыс істейді. Өзім – осында балық зауытында.

Былтыр Шығыс Қазақстан облысына 631 отбасы көшіп барған. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл тағы 641 отбасы келеді. Олардың жол шығыны мемлекет тарапынан өтеледі. Баспана сатып алуға немесе тұрғызуға алғашқы жарна есебінде 1160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек тағайындалады.

Дастан Айтқұлов, этникалық көші-қон басқармасының басшысы:

- Соған байланысты «Мансап» бизнес орталықтарында этникалық қазаққа және қоныс аударушыға көмекші тағайындалады. Ол көмекші қандас пен көшіп келуші азаматпен жеке жоспарын жасайды. Бейімделу жоспары. Сол бейімделу жоспарына байланысты барлық қызметтерді атқарады. Ол қызмет негізі 24 болып табылады. Басты қажетті қызметтер, оның ішінде бірінші ЭЦП кілтін ашудан бастап қыстық мерзімге дайындық. Жер үйде тұратын болса, көмір түсіру бойынша, балалардың бала-бақшаға орналасуы, мектепке баруы, егер де әскери қызметте болса, оны «военкоматқа» тіркеу бойынша.

Осы күнге дейін 21 мыңнан астам қандас, яғни 13 мыңға жуық отбасы елге оралып, әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Басым бөлігі Алматы облысына қоныс аударған. Одан кейін тізімді Маңғыстау, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары жалғайды. Ал елордаға көшіп келгендер саны – 2 мыңға жуық.

Әлеуметтік көмек алғандар – 21 325

Алматы облысы - 4 824

Маңғыстау облысы – 2 058

Павлодар облысы – 1 766

Шығыс Қазақстан облысы - 402

Түркістан облысы – 1 264

Алматы қаласы – 1  407

Астана қаласы  - 1  909

Шымкент қаласы – 1 418.

Диана Қадыр, тілші:

- Қандастардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркіменстан, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Түрік елінен келеді. Атажұртты аңсаған азаматтарға қолдау тек бағдарлама бойынша жүзеге аспауы тиіс. Әрбір қазақстандық қол ұшын созып, олардың осы ортаға бейімделуі үшін игі іс жасауға асық болғандары абзал.

Авторлары: Диана Қадыр, Серік Қоңырбаев Вячеслав Ветлугин, Дмитрий  Пыхтин.