Психологиялық көмектің маңызы

Абай облысындағы алапат өрт кезінде жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінің психологтарына 200-ге жуық қоңырау түскен.

Мамандардың айтуынша, құтқарушылардың өздеріне де оңайға соқпаған.

Дана Сембаева Абай облыстық Төтенше жағдай департаментіндегі психологтар тобына жетекшілік етеді. Міндеті — төтенше жағдай, оқыс оқиға кезінде адамдарға жедел психологиялық жәрдем көрсету. Азаматтық қорғау саласында 10 жылдан бері еңбек ететін кәсіби маман өткен жыл ауыр болғанын жасырмайды.

Дана Сембаева, психолог-құтқарушы:

- Былтырғы орман өрті кезінде арнайы штаб құрылып, жедел желі ашылды. Біз сонда шұғыл психологиялық көмек көрсеттік. Қайғылы жағдайды туыстарына естіртуге тура келді. Моральдық тұрғыдан өте ауыр болды.

Азамат Орынбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Ол кезде психологтардың көмегіне жүгінді халық. Жалпы 192 қоңырау түскен болатын. Оның 71-і жаңағыдай ақпарат ретінде. 21-і қоңырау соққан адамдар психологтардың көмегіне жүгінді. 2023 жылы психолог топтарына жалақыны барлығымен бірге көтерілді. Жедел топтарға теңестіріп. Өйткені, айтып кеттім, олар міндетті түрде әрбір төтенше жағдайға шығып тұрады.

Төтенше жағдай туындағанда бірінші болып көмекке жүгіретін осы саланың қызметкерлері де ара-тұра психологқа жүгінеді. Өйткені, олар да ет пен сүйектен жаратылған. Олардың да жаны жараланады

Арай Жармұхаметова, облыстық ТЖД кадр және тәрбие жұмысы басқармасының аға инспекторы:

- Күнделікті жұмыс уақытында біздің қызметкерлер әртүрлі жағдайлармен, төтенше жағдайлармен кездеседі. Осыған байланысты департаменттің психологымен жеке құрамға психологиялық көмек көрсетілуде. Моральдық психологиялық ахуалды қалыпты жағдайға келтіру үшін қызметкерлер арасында әңгімелесу, тренингтер және анкета өткізіледі.

Бүгінде облыста 781 құтқарушы жұмыс істейді.Олар былтыр 2500-ге жуық шақыртуға барған. Өрт сөндіру кезінде 33 адамды құтқарып, 500-ге тарта тұрғынды қауіпсіз жерге көшірген.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов