Қызылорда облысында 7 «Руханият» орталығы салынады

Өңірдің барлық ауданында бой көтеретін нысанда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі біріктіріледі.

Тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды бір ортаға тоғыстырған алаңда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған келелі жиындар өткізіледі. Типтік үлгідегі көпфункциялы ғимаратта экспонаттар мен құнды құжаттарды арнайы сақтау бөлмелері болады. Жалпы ел арасында рухани әмбебап орталық құру идеясы Ұлттық құрылтайдан кейін туындаған еді. Мемлекет басшысы алқалы жиында «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбына айырықша тоқталып, халқымыздың қазақстандықтарды біріктіруші ұлт ретіндегі даму аспектілерін айқындап берген болатын.  

Мира Қазбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

- Аудан орталықтарында орналасқан кітапхана, музей сияқты нысандардың алды 1905-1907 жылдары салынған екен. Олардың көбісі қазір тозу үстінде құлау қаупінде тұрғандары бар. Осы мәселелерді біржола шешу мақсатында аймақ басшысының бастамасымен «Руханият» орталықтарын салу көзделді. Қазірде құрылыс жұмыстары басталды. Біз 2024 жылдың күз айларында пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз.