Жетісу облысындағы 12 ауылға табиғи газ тартылып жатыр

Жетісу облысының ауылдарына қақаған қыста да газ құбыры тартылып жатыр.

Биыл Көксу ауданындағы он екі ауылға табиғи газ беріледі. Бұл мақсатқа 3 миллиардтан астам теңге қарастырылып отыр.

Ләззат Қалдыбаева Талапты ауылына отыз үш жыл бұрын келін болып түскен. Содан бері ол көмір кіргізіп, күл шығарып келеді. Төрт баланың анасы от жағу машақатынан құтылатын күнді тағатсыздана тосып жүр.

Ләззат Қалдыбаева, Талапты ауылының тұрғыны:

- Көмірдің тоннасы 18 мың теңге. Қыс кезінде 6 мың тонна жағамыз. Газ келсе рахат қонаққа кете береміз. Қазір ешқайда шыға алмайсың күн суықта. Әрине газың болғаны жақсы ғой.

Табиғи газ құбыры Талапты ауылының дәл іргесіне дейін тартылды. Биыл аудандағы осындай он екі елдімекенге көгілдір отын жеткізіледі. Төселетін  құбырдың ұзындығы 200 шақырымнан асады. Оның бір бөлігі егістік арқылы өтеді. Шаруаларға кедергі келтірмеу үшін мердігер жұмысты қыста жүргізіп жатыр.

Азамат Сәбетханұлы, мердігер мекеме өкілі:

- Газ құбыры бір жарым метр тереңдікте өтеді. Шаруалардың егін егуіне беткі қабатын жеке алып, газ құбырын салғаннан кейін беткі қабатын қайтадан өз орнына келтіріп береміз. Құрылыс жұмыстары тамыз айына дейін толық бітуі керек.

Мәди Мырзатайұлы, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:

- 34 елді мекеннің 29 елдімекен газға қосылуға жатады. Соның 20 елді мекені газға қосылады. Қалған ауылдарда газға қосу жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Ақпан айының соңында мемлекеттік сараптамадан шығады. Сонда 2025 жылдың соңына дейін толықтай газға қосылады.

Жетісу облысында 192 елдімекенге табиғи газ құбыры жеткізілуі тиіс. Бүгінгі күнге дейін 30-дан аса ауыл көгілдір отынға қосылған.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жетісу облысында 62 елді мекеннің  жобалау сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Соның негізінде бес аудандағы ауылдарға табиғи газ тартылады. Нәтижесінде 2025 жылға дейін өңірді газбен қамту көрсеткіші 65 процетке жеткізіледі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов