Үкімет тарапынан берілетін қолдау балық өсіруді арттыруы тиіс

«Акваөсіру мәселелері» туралы Заң жобасы осы аптада Мәжілісте таныстырылды.

Алдағы уақытта осы салада жұмыс істеп жатқан бизнес субъектілеріне мемлекет тарапынан су айдындарын пайдалануға беру, балық жемі мен инвестициялық жобаларды субсидиялау, шаруашылықтарға жеңлдетілген несие беру бағытында үлкен қолдау жасалады. Инвесторлар өз кезегінде жаңа өндіріс орындарын ашып, балық өсіру көлемін арттыруы тиіс.

Мәрлен Тұрсынәлі 11 жылдан бері Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында бақтақ балығын өсірумен айналысып келеді. «Балық шаруашылығына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуі құптарлық іс. Өйткені су айдындарындағы балық қоры жылдан жылға азайып барады», - деді ол.

Мәрлен Тұрсынәлі, балық шаруашылығының басшысы:

- Бізді қазіргі таңда қуантып жатыр «Аквакультура туралы» Заңымыздың қабылданып жатқаны. Бірақ осындай мемлекеттік деңгейде Президентіміз көңіл аударып, осы балық шаруашылығын дамытуға болатындығына сенім білдіріп жатқанына балық өсірушілердің атынан үлкен рахмет айтқым келеді.

Бұл шаруашылық жылына 500 тонна форель, сазан және бекіре балығын өндіреді. Алдағы жылы шаруашылықтың өндірістік қуатын екі есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Олар өткен күзде жалпы құны 120 млн теңге болатын тағы бір зауытты іске қосты. Үкімет құрылысқа кеткен қаржының 25 пайызын субсидиялауы тиіс еді. Алайда шаруашылық басшысы Мәрлен Тұрсынәлі әлі күнге дейін өзіне тиесілі демеуқаржыны ала алмай жүр.

Мәрлен Тұрсынәлі, балық шаруашылығының басшысы:

- Былтырғы жылы біз 150 тонна балық шаруашылығын реализация жасадық. Ал сол реализация жасаған, кеткен шығынымыздың әлі біз субсидиясын алмадық. Сонымен қатар біз енді балық өсірдік. Оны халыққа жеткізіп беру жұмыстарын қалай жүргіземіз? Өндірген өніміміз халыққа қолжетімді болса деген ойымыз бар.

Ринат Құмашев, «Балқаш-Алакөл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

- 150 млн теңге субсидия берілді балықтың тамағына, биологиялық жемдерге, дәрілік препараттарға, сонымен қатар тағы басқаларға. Жаңағы инвестициялық салымдар кезіндегі шығындар бойынша қаражат ағымдағы жылы толықтай өтелетін болады.

Балық шаруашылығына жұмсалған инвестициялық салымды субсидиялау мақсатына республикалық бюджеттен 436 млн теңге бөлінген. Жергілікті шаруалар ақпан айында сол демеуқаржыны ала бастайды. Алматы облысында өткен жылы 4 мың тонна балық өсірілді.

«Сондықтан біз үкіметтен ірі қалалар мен аудан орталықтарынан фермерлік дүкендер ашуға жер беру, жоғары оқу орындарынан балық шаруашылығына маман даярлайтын бөлімдер ашу мәселесін сұраймыз», - деді балық өсірушілер.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев