Алқалы жиында ІІМ-ге нақты тапсырмалар жүктелді

www.akorda.kz

Тәртіп сақшысының беделі, құқықтық сауаттылық пен интернет заманындағы келешек ұрпақтың тағдыры.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында осы басым бағыттар бойынша ведомствоға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар киберқылмыспен күрес, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері пысықталды. Кешенді іс-шаралар заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталады. Ал ол өз алдына Әділетті Қазақстан құрудағы нық қадамдар болмақ.

Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды. Заң үстемдігін қамтамасыз ету тетіктеріне Президент басымдық беріп келеді. Бұл бағытта Ата Заңға да ауқымды өзгерістер енгізілді. Құқық қорғау институттарының жұмысын жетілдіру де – басты міндеттердің бірі. Заң мен тәртіп қағидатын орнықтаруда полицияның орны бөлек. Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс. Қазір жер жүзін тұрақсыздық жайлап тұр, осындай күрделі кезеңде елдігімізді сақтау үшін заңға бағыну және адамгершілік қағидатын ұстану өте маңызды. Өкінішке қарай, елімізде осыған қатысты олқылықтар бар. Біз мұны ашық мойындауымыз керек. 

Жаһандану дәуірінде қоғамның тұрақтылығына төнетін қауіп көбейді. Жат ағымдар әуелі жастардың санасын улайды. Заңға бағынбауды астыртын насихаттап жүргендер бар. Бұл – ащы да болса шындық. Бұл ретте халықтың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Оның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі. Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралып жатыр. Тіпті заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар. Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заңбұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек.

Қоғамда заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуі тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты. Мемлекет басшысы: «құқық қорғау органдары қылмыстың салдарына емес, оның алдын алуға күш жұмылдыру керек», - деді. Бірақ бұл бағытта бірізді жүйе, бірыңғай заң жоқ. Қылмыстың алдын алу әділ жаза беру ісінен кем емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Мұндай жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатыр. Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқықбұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет.

Полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажет. Бұл, ең алдымен, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білу деген сөз. Қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс. Алқалы жиында Президент осыған ерекше тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек.

Ішкі істер министрлігі орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы ұсыныс жасады. Президент бұл бастаманы қолдады. Мемлекет басшысы бұл сынақта бармақ бастылық пен көз қыстылық болмау керектігін, шараның ашық әрі әділ өтуін тапсырды.