Алматыда 11 мыңнан астам адам қабылдау пунктеріне келді

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде халықты жинайтын барлық 384 пункт бір жарым сағаттың ішінде ашылды.

Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев брифинг кезінде хабарлады. Мұндай пунктерге мектептер мен балабақшалар жатады. Олардың барлығы сейсмикалық жағынан тұрақты. Жарты сағат ішінде мектеп қызметкерлері сол жерлерге келіп, халықты қабылдаған. Мегаполис тұрғындарын қабылдау пункттеріне 11 мыңнан астам адам жүгінген. Оның ішінде 3,5 мыңы бала. Олардың барлығы осы сағатқа дейін үйлеріне тарады.