Депутат: Әуе компаниясы елге салық төлемей отыр

«Air Astana» мен «FlyArystan»-ға тиесілі отандық әуе кемелері, өз елімізде тіркеуде болуы тиіс.

«FlyArystan» әуе компаниясын «Air Astana»-ның құрамынан шығарып, билет құнын лоу-костер атауына сай, белгілеуге міндеттеу қажет. «Ақ жол» фракциясының мүшелері Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында осыны талап етті. Елден миллиондап жалақы мен бонус тауып отырған ірі бизнес ел қазынасына салық төлемей келеді. Депутат Асқар Садықов, әуе тасымалдаушының IPO-ға шығуы қарсаңында бұл мәселені өзекті деп санайды.

Асқар Садықов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл - ұлттық тасымалдаушының меншігін бақылай алмай отырғанымызды білдіреді. Оған қоса, «Air Astana» президенті Питер Фостер жақында компания өз әуе кемелерін елімізде тіркеуді жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. Бұндай ұстаным еліміздің экономикалық мүддесіне қауіп төндіреді. Компания басшысының «тек еуропалық тіркеу батыс елдеріне ұшуға мүмкіндік береді» деген дәйегі көңілге қонбайды. Себебі, әуе тасымалдаушының құрылғанына ширек ғасыр болды. Осы уақыт аралығында Азаматтық авиация комитеті барлық қажетті мәселелерді пысықтауы тиіс еді.