Жамбыл облысында сейсмикалық жаттығу өтті

Жамбыл облысындағы балабақшалар мен мектептерде сейсмикалық жаттығу өтті.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері педагогтар мен оқушыларға жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жадынамалар таратты. 

Мұндай алдын алу шаралары ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Қазір өңірде төтенше жағдайды хабарлауға арналған 119 электродабыл мен телерадиотарату жүйесі жұмыс істейді.

Құтқарушылшар мұндай сейсмикалық жаттығуды әр тоқсан сайын өткізіп тұрады. Алматы қаласының тұрғындарын үрейлендірген жер сілкінісінен кейін мектептер мен балабақшаларда жоспардан тыс шара ұйымдастыруға тура келді. Дабыл қағыла салысымен оқушылар шұғыл қауіпсіз жерге шығып үлгірді. Құтқарушылар оларға зілзала кезіндегі алғашқы медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін үйретті. 

Жалғас Әбдуалиев, ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Телерадиоканалдарды алу бойынша 134 цифрлық және 65 аналогтық каналдарды перехват жасау құрылғысы орналастырылған. Сонымен қатар бізде құлақтандыру жүйесін смс-хабарлау арқылы тегін «Дәрмен» бағдарламасы арқылы жүргіземіз. Жалпы облыста тоқсан сайын барлық білім беру, денсаулық сақтау және санатталған ұйымдарда сейсмикалық жаттығулар өткізіліп тұрады.

Миятбек Бақберген, оқушы:

- Жер сілкінісі кезінде тездетіп ғимараттан шығуға тырысу керек. Егер сен жоғары қабатты үйде болсаң, ондай кезде біз лифтпен қолданбауға тырысу керекпіз. Ал мектепте немесе үйде жер сілкінген кезде біз тездетіп табалдырыққа тұру керекпіз немесе партаның астына және де қабырға жақта тұру керекпіз. 

Оқыс оқиғадан ешкім сақтандырылмаған. Сол себепті мұндай жағдайда ең алдымен «дабыл дорбасын» жасақтауға назар аударған жөн. Ол құтқарушылар келгенге дейін аман қалуға арналған ең қажетті заттардың жиынтығынан тұрады. 

Аббас Сулиев, ТЖД басқармасының аға офицері:

- Жер сілкінісінің алдын алу мақсатында әрбір тұрғындарда «дабыл дорбасы» болуы керек. Құжаттар, ақша, қалбыр, гигиеналық заттар, радиоқабылдағыш, сіріңке,  фонарик, оған қосымша батарейкалар, жылы киім, ауыз су жазғы кезде 5-6 литр, қысқы кезде 2-3 литр адамға. 

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Жамбыл облысында жыл сайын 2-3 балдық 4-5 жер сілкінісі болып тұрады. Төтеншеліктердің айтуынша, бұл өңірдегі ең күшті жер сілкінісі осыдан 21 жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданында болған. Ол кезде 29 адам жарақат алып, көптеген үй мен әлеуметтік нысан бүлінген. Сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан көпқабатты ғимараттар жиі тексерілуі тиіс. Себебі олар уақыт өте келе қауіпті нысанға айналады.

Рахманқұл Байтелиев, ҚР құрметті құрылысшысы:

- Біздің қаламыз заманында ғимараттарының сейсмикалық мығымдығы жағынан 7-санатқа жататын. Соңғы жылдары болған өзгерістерге байланысты 8 балдық жүйеге ендік. Сондықтан үйлер мен ғимараттар 8 балдық дүмпуге шыдас беретіндей болып салынуы тиіс. Кеңестік кезеңдегі құрылыстардың бәрі 7 балдық шкаламен салынды. 

Облыстағы тұрғын үй қорының сейсмикалық жағдайын тексеру жұмыстары 13 жыл бұрын қолға алынуы тиіс еді. Ол үшін 4 млрд теңге қажет екені айтылған.

«Алайда жоспар тек жоспар күйінде қалды. Сондықтан бұл мәселеге қайта оралып соғатын кез келді. Оған бей-жай қарауға болмайды», – деді жарты ғасырлық тәжірибесі бар құрылысшы. 

Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда