Қостанай облысында жол жөндеуге 48 млрд теңге бөлінеді

Қостанай облысында былтыр жергілікті маңызға ие жолдардың 530 шақырымы жөнделді.

Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық денгейдегі жолдардың үлесі 87 процентке жетті. Алайда аяқсыз қалған жобалар да бар. Өткен жылға осы мақсатқа бөлінген 21 миллиард тенгенің 120 миллионы игерілмей қалған.

Қарабалықтан Тоғызақ ауылына дейінгі алты шақырым тас жол көптен бері жөндеу көрмеген. Жергілікті тұрғындардың өтініш-тілегі ескеріліп, былтыр осы жолды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Оған 360 миллион теңге бөлінді. Бұрын жеткенше жүйкең сыр беріп, төзімің таусылатын шағын аралықтың біраз бөлігі жөнделіп, тегістелген.  

Амантай Базылбек, Тоғызақ ауылының тұрғыны:

- Бұрын Камаздар жүрген, элеваторға зерно тасыған. Жол деген тесік-тесік, шұрық-шұрық болған. Машинамен районға зорға жететінбіз. Доңғалағымыз жарылып. Қазір былтыр бастады, істеді. Тоғызаққа жетер-жетпесте бір 100 метрдей жол қалды істелмеген. Соны енді кейін биыл, алдағы жылдары бітірсе,онда вообще нұр үстіне нұр болар еді.

Қарабалық ауданы бойынша былтыр 22 шақырым жол жөнделген. Ауыл аралық жолдардың 89 проценті қазір жақсы күйде. Алайда Лесной, Мағынай, Победа елді мекендеріне жетудің әлі күнге соры басым.

Данияр Алматов, Қарабалық аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Биыл Славян, Михайлов, Боскөл бағытында орташа жөндеу жұмыстары жалғасады. Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында біз әбден тозығы жеткен жол бөліктерін іріктеп алдық. Мысалы, осы жылы Михайлов-Лесной аралығындағы жолды қалпына келтіруді көздеп отырмыз. Ал Мағынай, Победа бағытында биыл жобалық сметалық құжаттарды дайындаймыз.

Былтыр облыстағы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша 57 жобаның 46-сы аяқталып, тапсырылды. Қалғаны алдағы жылдардың еншісіне ауысты. Ал Қостанай-Мамлютка және Арқалықтың айналма жол құрылысын мердігер жыл бойы тіпті бастамаған. 

Болат Сейдахметов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а.:

- Істемеген уақыттан бастап, біз бәрін фиксировать еттік. Сосын сотқа бердік. Арқалықта процесс болды. Ол недобросовестный болды. Енді корректировкаға бердік проектіні. Биыл енді корректировканы аламыз. Сосын қайтадан конкурс обявит етеміз.

Жоспарға сәйкес биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың мың шақырымын жөндеу көзделіп отыр. Оған шамамен 48 миллиард тенге бөлінбек.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг