Елімізде донорлық қанға тапшылық туындауы мүмкін

Елімізде алдағы 10 жылда донорлық қанға қажеттілік артады.

Оған халық санының қарқынды өсуі мен жаңа медициналық нысандардың көбеюі себеп. Алайда донорларды ынталандыру үшін берілетін төлемақының мөлшері көңіл көншітпейді. Депутаттар мәселенің шешімін қарастыру керек деп отыр.

Асқар Сегізбаев Астана қаласының тұрғыны. Қан тобы – бірінші оң резусті. Ол 2 айда бір қан орталығына келіп, қан тапсырып тұрады. «Игі істен құр қалғым келмейді», - дейді донор.

Асқар Сегізбаев, қала тұрғыны:

- Осы қан орталығы хабарласып тұрады айына 1 рет, 2 айда бір рет хабарласып тұрады. Сол уақытта жұмыстан шығып бос уақыт тауып, осы орталыққа келіп қан тапсырамын. Басқаларға, азаматтарға көмегіміз, сауабымыз дегендей ғой.

Астанада күн сайын 120-дан астам адам қан тапсыруға шақырылады. Әр азаматтан алынған қан елордадағы 23 медицина мекемесін толық қамтамасыз етіп отыр.

Әйгерім Сағамбаева, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы донор кадрларын жабдықтау бөлімінің меңгерушісі:

- Бізде мысалы регулярно тапсыратын донорлардың Қазақстан бойынша 47 процент. Емханалардың өтініштерімен ғана жұмыс істейміз. Қандай керек – сол заявка. Бізде күнделікті интернет желісіне жазылып тұрады «мынадай қан тобы керек» келіңіздер деп. Донорлар адамның өмірін сақтайды. Ең құнды нәрсе адамның адамға беретіні – қан.

Елімізде жылына 100 мыңға жуық адам қан мен оның компоненттерін қабылдайды. Алдағы 10 жылда оған мұқтаждық пайда болады деп болжанып отыр. Себебі неғұрлым күрделі операция жасалса, соғұрлым науқасқа қан керек болып жатады. Мәселен Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында соңғы 5 жылда тромбоциттерге қажеттілік екі есе артқан.

Роза Мейірбекова, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы трансфузиология бөлімінің меңгерушісі:

- Біздің орталыққа ең ауыр науқастар түсіп жатады. Яғни 3-ші 4-ші дәрежелі травматикалық шокпен келеді. Сондықтан қан мен оның компоненттеріне қажеттілік жоғары. қазір қан препараттарына, әсіресе «альбуминге» қажеттілік бар. Себебі егде жастағы науқастар көбейіп жатыр.

Донор бір тапсырғанда 450 миллилитр қан тапсырады. Аз ғана мөлшер болып көрінгенуі мүмкін. Алайды онымен бірден 3 адамның өмірін сақтап қалуға болады. Бұл тұста ерікті донорлардың қоғам үшін маңызы жоғары. Бірақ оларға төленетін төлем сомасы көңіл көншітпейді. Осы мәселені депутаттар көтеріп, төлемақыны арттыру қажеттігін алға тартты.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ерікті донорлардың денсаулығы қолдауды қажет етеді. Ол қан тапсырған күні анемияның алдын алу үшін жоғалтған килокалория мен микроэлементтердің орнын толтыруы керек. Қазіргі донорлар қан берген кездегі күш-қуаты шығынының өтемақысы ретінде 0,25 айлық есептік көрсеткіш, яғни 923 теңге алады. Осыған байланысты, Үкіметтен донорларға өтемақыны кем дегенде 4300 теңгеге дейін тиісті түрде ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймын.

Осылайша сенатор Үкімет басшысынан мәселені қарастыруды сұрады. Жалпы бүгінде 40 реттен астам қан тапсырған донорға Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі ретінде арнайы төсбелгі беріледі. Қазір мұндай мадаққа елімізде 65 адам ие болып отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мерей Талап