Кіші қызметкерлердің жалақысын көтеру ұсынылды

Еден жуушы, аула сыпырушы, электрик және сантехниктердің жалақысын көтеру қажет.

Мәжіліс отырысында Amanat партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова депутаттық сауалында осылай деді. Ол Үкімет тарапынан азаматтық қызметшілердің айлығы арттырылған кезде осындай жұмысшылардың мүддесі ескерілмей қалатынын айтты. Әсіресе денсаулық сақтау және оқу-ағарту салаларында жалақы төмен. Ондағы шаруашылық қызметкерлердің айлығы 90 мың теңгеге де жетпейді.

Жұлдыз Сүлейменова ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, осы еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджет шығындарын есептесін. Сонымен қатар республикалық бюджетті нақтылау кезеңінде аталған жұмысшылардың базалық лауазымдық жалақысын инфляцияға және жұмыстарының күрделілігіне сәйкес ұлғайтуды қарастырсын.