Марқакөлде төтенше жағдай қаупі сейілді

Ал Марқакөлде енді бір-екі күнде табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі жойылады.

Өйткені ақ ұлпаның астында қалған ең соңғы ауылға жол ашылды. Бір апта бойы мұнда тоқтаусыз қар жауған еді. Салдарынан бірнеше елді мекенге апаратын жол жабылып, қатынас қиындаған еді. Өлкеде қазір жағдай тұрақтала бастады. 

Қаңтарда Марқакөлге қар қалың түсті. Апта бойы жауған ақ ұлпа жолды басып, тірлік қиындады. Қатынас тоқтады. Мал да, жан да омбылап қалды. Жол тазалау қызметі жанталаса жұмысқа кіріскенмен, үскірік дес бермеді.

Жанболат Мұстафин, механизатор:

- Қар қалың, аяз қатты. Әр жолды 5-6 қайтара тазалап өтпесе, түк шықпайды. Сондықтан ауыр техника әрең шыдайды.

Облыстағы салалық құрылым да аяқтан тік тұрды. Төтенше жағдай жарияланды. Азық-түлік таратып, науқастарды ауруханаға апару үшін тікұшақ пен жол талғамайтын көлік жұмылдыруға тура келді. Ұранқай ауылының фельдшері Жанна Күдекова соқыршек болған баланы бір жарым сағаттық жердегі аудан орталығына апара алмай әбден қиналыпты.

Жанна Күдекова, фельдшер:

- Бір жарым сағат жолды біз 16 сағат жүріп бардық,машина жүрмейді трактор бізді сүйреп. Әйтуір военныйлар көмектерін көрсетіп, тягачтарын жіберіп, бізді сонымен алып кетті.

Қыс қиындығын ауыл аймақтағы жұрт жұмыла көтерді. Жастар да қарап отырмады. Дәрі-дәрмекке мұқтаж жандарға қажетін тауып, оны шаңғымен жеткізді. Өйткені өмірі арнайы препаратқа қарап тұрған адамдар үшін әр сәт санаулы еді.

Назгүл Аманжолова, ерікті:

- Мәселен эпилепсиялық синдромы бар адамның дәрісі таусыла бастаған. Сондықтан ол әр түйір дәріні үнемдей бастапты. Алайда ондай диагнозы бар науқас үшін дәрі дәрмекті  уақтылы әрі толық қабылдау керек. Сол себепті біз жарты күн ішінде қажетті препаратты тауып, оны жеткізіп бердік.

Жолды қардан аршу жұмысы тәуліктік режімде ұйымдастырылды.

Эльмира Ахметова, тілші:

- 9 қаңтардан бері Марқакөлде бес ауыл қар құрсауында қалған еді. Ең алдымен Ұранхай, Бұғымүйіз елді мекендеріне жол ашылды.Одан соң Төсқайың мен Шанағаты ауылдарына баратын бағыт қардан тазартылды. Енді мінеки ең соңғы Балықтыбұлақ ауылы қалды. Қазір күн-түн демей жұмыс жүріп жатыр.Тау, тасы көп өлкеде осылай уақытқа қарамай жұмыс істеуге тура келеді дейді мамандар.

Әділхан Мұхамадиевтың осы жерде жүргеніне екі апта болды. Отбасын әсіресе немерелерін әбден сағыныпты. Алайда «ауылдағы ағайын жолсыз жатқанда, қайтып кетуге дәтім бармайды» дейді ол.

Әділхан Мұхамадиев, механизатор:

- Байланыс жоқ, телефон жоқ, бала-шағаны білмейміз, енді түні бойы екі-үшке дейін шаршағанша істейміз, содан кейін демаламз. Таңертең 00:07-де тұрамыз, трактор өшпейді осылай тұрады. Аяз қатты боп тұр. Сонымен енді ел үшін халық үшін жатпай жұмыс істеп жатырмыз осылай.

Әлижан Беткенбаев, Төсқайың ауылдық округінің әкімі:

- Алты күн жауды тоқтамай алты күн жауды артынан қатты боран соқты одан кейін тағы да екі күн жауды қар. Ұранхайдағы метеостанцияның мәліметінше 134см қар жауды осы алты сөткеде.

Түнімен қар құрсауындағы соңғы ауылға жол ашылды. Демек, енді аз күнде аудандағы төтенше жағдай режімінің күші жойылады. Алайда мамандар босаңсуға әлі ерте дейді. Өйткені, біздің жақта қыс ұзақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов