Елдегі маман қажеттілігі 1,8 млн адамға жетуі мүмкін

Заман озған сайын мамандық таңдау да қиынға соғып барады.

Бір басыңда 5 диплом болса да, жұмыс таппай қалуың мүмкін. Иә, ғылыми техникалық прогрестің қарыштап дамуы адам баласын тығырыққа тірей бастады. Әлемде кей мамандық түрлеріне сұраныс азайып, енді біріне сұраныс артты. Сөйтіп, қат мамандық қандай? Кейінгі жас нені оқып, нені білуі керек?

Былтыр  елде жоғары оқу орындарынан 157 мыңнан астам маман шыққан. Бірақ олардың бәрі бірдей қызмет таппайды. Бір есептен білікті мамандардың  көбі оқыған мамандығынан гөрі жалақысы жоғары қызмет іздейді. Басқа қандай себеп бар?

- Техникалық мамандық қазір сұраныста деп ойлаймын.

- Көбінесе менеджмент, экономика саласында негізі сұраныс бар.

- Қазір нағыз сұраныста тұрған мамандық – IT.

- Бүгін сұраныстағы мамандықтар ертең жоқ болуы мүмкін.

- Менің ойымша, бала өзі талантына қарап таңдау қажет сияқты кәсібін. Неге десеңіз, мысалы, қазір IT мода деп бәрі IT-ге бармайды ғой. Біреу медицинаға барады. Біреу мұғалім болады. Өзінің талантына қарап таңдау қажет сияқты.

-Негізі адамның өзінің бэкграундына байланысты. Негізі қиын емес.

- Көп орын бар, көп вакансия бар. Экономика өсіп жатыр. Менің ойымша, жұмыс тапқысы келетін адам жұмыс табады.

Жұмыс жоқ емес бар. Екі қолға бір күрек табылады. Мысалға, Қарағанды, Алматы қалалары мен  Шығыс Қазақстан, Ақмола облысына бас аяғы 2560 аспаз керек. Сондай-ақ Абай, Ақмола облысы мен Астана қаласына 1678 сатушы қажет. Дәл осы сияқты 4 облысқа 1589 сатушы, 3 облысқа 1492 тігінші, 1388 маркетинг маманы, 1131 трактор жүргізуші, 1030 бухгалтер қажет. Сондай-ақ 750 электр-газ дәнекерлеушісі, 617 – кондитер, 608 – мұғалім, 604 – телекоммуникация технигі, 549 - оператор-гидрометаллург, 548 – медбике, 527 - дәнекерлеуші қажет.

Алуа Талғарқызы, ҚР Еңбек министрлігінің Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту және болжау департаментінің бас сарапшысы:

- Соңғы мәліметтерге сүйенсек, электрондық еңбек биржасының ақпаратына сәйкес 2024 жылы қаңтар айында ең жоғары сұранысқа ие мамандық бұл әлеуметтік жұмыскер болып табылады. Одан бөлек, тігінші, тазалаушы, сондай-ақ тәрбиешілер және тәрбиешінің көмекшісі де сұранысқа ие мамандар қатарынан табылды.

2024 жылдың 1 сәуіріне дейін Еңбек министрлігі Атамекен Ұлттық палатасымен бірлесіп, нарықта қандай мамандыққа сұраныс бар екенін анықтайды. Кейін бұл мәлімет Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне тапсырылып, олар білім гранттарын осы статистикаға қарай бөледі.

Жанна Есинбаева, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:

- Салалық министрліктен де қосымша ақпарат алу арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырамыз. Мемелкеттік білім беру тапсырыс дегеніміз – ол жыл сайын мектеп түлектеріне берілетін білім беру гранттарының көлемі. Қазіргі уақытта 2023 жылы мемелекеттік білім беру тапсырысының көлемі 73 мың грантты құраған сол кезде. Енді біз 2024-2025 жылғы жаңа оқу жылына осы тапсырысты қалыптастыру бойынша жұмысты бастап кеттік. Қазіргі уақытта жоспар бойынша грант саны 78 мыңға дейін артатын болады.

Зарина Кәп, тілші:

- 2030 жылға қарай елдегі маман қажеттілігі 1,8 млн адамға жетуі мүмкін. Статистика осылай дейді. Оның ішінде әсіресе білім беру, өнеркәсіп, орман және балық шаруашылығы, тауар тарату секілді мамандарға сұраныс артпақ. Сондықтан әзірге елде жұмыс таппай қалам деуге келмес. Әрине, маман болу үшін алдымен оқу керек. Тоқу керек. Тек артынан өзге жол таңдамай, өз мамандығыңызды тапсаңыз жөн. 

Авторлары: Зарина Кәп, Өрден Жарқын.