Семейдегі өрт: сауда орталығы кәсіпкерлерінің несиесі кейінге шегеріледі

Семейде сауда орталығында шыққан өрттің зардабын қалпына келтірумен арнайы комиссия айналысады, деп хабарлайды 24KZ.

Несиесі бар кәсіпкерлердің қарызы кейінге шегеріледі. Бір күнде кәсібінен айырылған тұрғындармен кездескен облыс әкімінің орынбасары осылай деді. Ал өрттен келген шығын көлемі алда белгілі болады.

Қала орталығында шыққан өрт тұрғындарды алаңдатқаны рас. Ал осы базардан нәпақасын тауып, отбасын асырап отырған 2 мыңнан астам кәсіпкердің жағдайы айтпаса да түсінікті.    

Ардақ Сұлтанғазина, кәсіпкер:

- Жолдасым 2 жыл бұрын қайтыс болған. Ковидтан кетті. Ұлым әлі мектепте оқиды. Басқа асыраушым жоқ. Басымда ипотекам бар. Бәрі адамды сабрлыққа шақырамын енді. Бәрі мен сияқты қайбір жетіскеннен жүр дейсің. Күнкөріс, ипотека, кредит.

Наталья Измайлова, кәсіпкер:

- Менің 3 бутигім болған. Жақында ғана 7 миллион теңгеге тауар әкелдім. Шығын көлемі – шамамен 80 миллион теңге. Соны өтеп берсе, жақсы болар еді.

Шығын көлемін есептеу үшін Полиция департаменті кәсіпкерлерден өтініш қабылдап жатыр. Оны кім өтейтіні арнайы сараптамадан кейін белгілі болады. Осы мақсатта комиссия құрылады. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, банктер тарапынан несиелер бойынша жеңілдіктер қарастырылады.

Әділбек Мұсабаев, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Несиеге қатысты да банктерге өтініш жасап, мына несиелерін, біріншіден, жаңағы тоқтату. Бір уақытқа. Екіншіден, несиелеріне ешқандай айыппұл, пеня төленбеулеріне қатысты. Одан кейін несиелерін капитализация болып, кейін оның ұлғайып кетпеуі, оның да мәселелерін шешіп, қазір банктермен жұмыс жасап жатырмыз.

Кеше түнде шыққан өрттің бүгін түске таяу бетті қайтты. Бірақ толық сөнген жоқ. Оқиға орнында 388 адам мен 48 техника жұмыс істеп жатыр. Болжам бойынша 7 мың шаршы метрге жуық аумақ отқа оранған.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.