Атырау облысында қызылша ауруы өршіп тұр

Елде қызылшаға қарсы қосымша екпе салу науқаны жалғасып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазір 1 млн 300 мыңға жуық адам вакцина алған. Бұл жұқпалы аурудың алдын алуға мүмкіндік берді ме? Аймақтардағы ахуал қандай?

Қызылша ауруы өршіп тұрған облыстың бірі - Атырау. Өңірде жұқпалы дертке 3 мың адам шалдыққан. «Әсіресе, қаңтар айында ауырғандар көп. Ал екпе алып жатқандар өте аз», - дейді дәрігерлер. Емханаға небәрі 41 адам өз еркімен келген.

Айнагүл Сәрсенғалиева, Санитариялық-эпидемиологиялық депаратаментінің бөлім басшысы:

- Екпе жұмыстары төмен деңгейде жүріп жатыр. Сол себепті, аурушаңдықтың арнайы емі жоқ, аурудың алдын алудың жалғыз шарасы ол- вакцинация Сол себепті мына облыс тұрғындарын міндетті түрде екпе алуға шақырамыз.

Ақтөбе

Ақтөбе облысында да дәл осындай жағдай. Өңірде қызылшаға қарсы екпе алудан 2 мың 400 ата-ана бас тартқан. Бірақ кейін 300-ге жуығы балаларына вакцина салдыртуға келісім берген

Бақытжан Түлкібаева, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жаппай имундауға бізде облыста 67 мыңнан астам тұрғындар, соның ішінде балалар егілілуі қажет еді. Бүгінгі күнге жалпы осы имундаудың 70 пайызы орындалды. Әлі де 30 пайызы бар. Бұған біз жұмыс жасаудамыз.

Петропавл

Ал Солтүстік Қазақстан облысында қосымша вакцинациялау науқаныны басталғалы 20 мыңға жуық адам екпе алды. Өңірде 90 медициналық бригада құрылған. Оның маңыздылығын ата-аналар да түсінген сыңа

Бағдат Жүсіпова, қала тұрғыны:

- Қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы - вакцинация. Сондықтан отбасымызбен ақылдаса келе, баламызға екпе салдыртуды жөн санадық. Өйткені, оның денсаулығына ата-ана ретінде біз жауаптымыз.

Елімізде 2023-ші жылдың басынан бері 40 мыңнан аса адам қызылша жұқтырған. Дені – 14 жасқа толмаған балалар. Ал қаңтар айында ауру деңгейі 8 пайызға төмендеген.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы:

- Қызылша Жетісу, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарында бәсеңдеді. Қалған өңірлердегі жағдай тұрақты. Ал Атырау, Ақтөбе облыстарында ауру әлі де өршіп тұр. Қазір осыған байланысты шаралар қабылданып отыр.

Қазақстанда қараша айында қызылшаға қарсы қосымша иммундау шарасы басталды. Ол бойынша бір жарым миллион доза вакцина сатып алынған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Ділнәз Думанқызы