Абай облысында құтқарушылар оқу-жаттығу жиынын өткізді

Абай облысында 38 елді мекен су басу қаупі жоғары аумақта орналасқан.

Ол маңда 10 мыңнан астам адам тұрады. Су тасқыны салдарын азайту мақсатында құтқарушылар командалық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Тактикалық дайындық шарасына 500 адам мен 200-дей техника жұмылдырылды. Олар Семейдің арық жүйесін тазартты. Арналарды аршуға Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрам сарбаздары мен коммуналдық мекеме жұмысшылары атсалысып жатыр. Сонымен қатар құтқарушылар Ертістің бірнеше тұсынан мұз жару жұмыстарын жүргізеді. Оған жергілікті бюджеттен 44 миллион теңге жұмсалады. Жалпы бекітілген кестеге сәйкес облыс бойынша 1200 адам мен 300-дей техника кезекшілікке шығарылады.

Азамат Орынбаев, ТЖД бастығының орынбасары:

- Биылғы оқу-жаттығу ерекше. Біз техниканың бәрін жинап алып, жұмыстарға жіберіп жатқан жоқпыз. Ең басты мақсат қазіргі таңда мына арық, құбырларды тазалау. Өйткені күзгі уақытта жауын-шашын көп болды. Ал қыста өте қар өте аз. Соған байланысты арықтар мұзға толып қатып қалды. Уақытылы арықтарды тазалайтын болсақ көктемде суды ағызып жіберсек, су басу қаупі болмайды.