Таразда ТҮКШ бөлімінің басшысы 8 жылға сотталды

Таразда бұған дейін мемлекет қаржысын жымқырып, сотты болған бөлім басшысының тағы бір қылмысы анықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарған Зият Тұрсынұлы орташа жол жөндеуіне бөлінген 34 миллион теңгені қалтаға басқан. Сот бұрынғы мемқызметкерді кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Еске салсақ, күдікті былтыр тамыз айында 116 млн теңге бюджет қаражатын қолды қылғаны үшін қамаққа алынған болатын. Ол кезде бөлім басшысы мен мердігер көшелерді бейнекамерамен жабдықтау және жарықтандыруға бөлінген қаржыны және салынуы тиіс қоқыс алаңдарының да ақшасын жеп кеткен болатын, деп хабарлады прокурорлар.

Ақберген Мүлкіманов, облыс прокуратурасының басқарма басшысы:

- Тараз қаласындағы 3 көшені орташа жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын алу үшін жасалды деп жалған құжаттарға қолдарын қойған. Жасалмаған жұмыстарға ақша төленген. Қазіргі таңда шыққан үкім бойынша тағылған айыптағы мемлекетке келтірілген 34 миллионнан астам шығын тергеп-тексеру кезінде сотталғандармен толық өтелген. Алдыңғы соттылығы бойынша мемлекетке келтірілген шығын өтелмеген.