Алматы облысында ірімшік шығаратын цех ашылды

Алматы облысында алғаш рет ірімшік шығаратын шағын цех ашылды.

10 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Енді жергілікті тұрғындар сүтті осы кәсіпорынға өткізеді.

Сүт өңдеп, ірімшік шығаратын цех Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында орналасқан. Ағайынды Боранбаевтар кәсібін үш жыл бұрын Түркістан облысында бастайды. Сүтті пісіріп, май сүзетін құрылғыны Түркиядан сатып әкеп, орнатады. Тәулігіне 6 тонна сүт өңдеуге мүмкіндік бар. Бірақ, қазір қыс мезгілі, сүт аз. Сондықтан күніне екі тоннаға жуық сүт жиналады. Одан 200 келі сыр мен 20 келі сары май шығады. Бексейт Боранбаевтың өзі технолог. Айтуынша, ірімшік шығарушылар негізінен оңтүстік өңірде шоғырланған. Ал Алматы облысында алғашқы цехты ашу нарық қажеттілігінен туындаған. 

Бексейіт Боранбаев, технолог:

- Бәрін Алматы облысына өткізетінбіз. Алматы қаласына. Алматы қаласына Сарыағаштан күнде жіберіп отырасың да содан шаршадық, мәжбүр болдық бері қарай көшуге. Талпынсаң бәрі болады. Еңбек етсең бәрі болады. Бәрін істеуге болады.

Ал сүт Бекет Дүйсембаев сынды жеке шаруалардан жиналады. Бекеттің мал шаруашылығымен айналысып жатқанына төрт жыл болды. Ешкі мен сиыр асырап, сүтін сауады. Жыл он екі ай үйінде айран мен кілегей үзілмейді. Сүтін өткізіп, етін сатады. Малдың жем-шөбін уақытылы беріп, кәсібінің берекесін көріп отыр.

Бекет Дүйсембаев, жеке шаруа:

- Таңертең 7 де сауылса, кешкі 7 де сауылады. Таңертеңгі және кешкі сүтін алып кетеді оптовиктер. Сүтінен май жасалады ғой Қазақстанда. Май, құрт, ірімшік, қатық деген сияқты. Ал енді қазір адамдар сырын жасап та үйреніп жатыр. Сыр да жасайды.

Қазір ірімшік шығаратын кәсіпорын жақын маңдағы ауыл шаруаларының сүтін қабылдайды. Болашақта кәсіпті кеңейтіп, үлкен зауыт салсақ дейді бас технолог. Сөйтіп өнімді экспортқа шығаруды көздейді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов