Жетісу облысындағы Екіаша ауылы ауызсудан тарығып отыр

Екі өзеннің түйіскен тұсындағы Екіаша ауылының тұрғындары ауызсудан тарығып отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жетісу облысының Сарқан ауданына қарасты елді мекен халқының тең жартысынан астамы тіршілік нәрін тасып ішеді. Кейбірі құдықтан алады. Себебі 3 мыңға жуық халқы бар ауылға ауызсу жүйесі толық тартылмаған.

Анар Өмірбаева тіршілік нәрін 3 шақырым жерден тасуға мәжбүр. Себебі біз жақта су жиі тоқтап қалады, - дейді ауыл тұрғыны. 

Анар Өмірбаева, Екіаша ауылының тұрғыны:

- Такси жалдаймыз, балалар жалдаймыз. Өтінеміз. Балалар әкеліп береді. Бір 40-50 отбасы осы жерден су алып тұрады күніне.

2006 жылы Екіаша ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасымен 6400 метр су құбыры тартылды. 2021 жылы жаңа жоба жасалып, 8 шақырымнан асатын ауызсу жүйесі жүргізілген. Нәтижесінде елді мекен халқының 45%-і таза тіршілік нәрін тұтынатын болды. Қалғаны мүмкіндігіне қарай амалдап келеді.

Шалқар Дайырбеков, Екіаша ауылының тұрғыны:

- Тұмадан алып, тасып ішіп отырмыз. Қиын, су керек.

Қасым Өтепбергенов, Екіаша ауылының тұрғыны:

- Әркім өзі мотор қойып, су тартып алғанбыз. Кейбіреуінің үйінде жоқ.

«Елді мекендегі ең өзекті мәселені шешу мақсатында ауылдың іргесінен арнайы орын белгіленген. Ұңғыма қазылып, жер астындағы су қоры зерттелді», - дейді ауылдық округ әкімі.  

Дәулет Дүйсембеков, Екіаша ауылдық округінің әкімі:

- 2022-2023 жылы жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Осы жылдың ақпан айында сараптамадан шыққаннан кейін мәслихатқа кіргізіп, осы 2024-25 99% ауызсумен қамтылады деген жоспар бар.

Жетісу облысында 358 елді мекен бар. Соның 325-і орталық ауызсу жүйесіне қосылған. Осы салаға жауаптылар алдағы екі жылда таза сумен қамту көрсеткішін 92%-ке жеткізуді жоспарлап отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.