Хиджаманы кез келген жерде жасатуға болмайды

Халық арасында кең таралған емдік шаралардың бірі – хиджама.

Қазір бұл ем түрінің жарнамасы желіні жаулап алған. Әйтсе де хиджамадан кейін денсаулығым күрт нашарлады деп шағым айтқан адамдарды да әлеуметтік желіде көптеп кездестіруге болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Елбек Тасболатұлының айтуынша, «бұл – өз ісіне жүрдім-бардым қараған салғырттықтың салдары. Шариғат хиджамаға қарсы емес. Тек хиджама жасайтын адам өз ісін жақсы білуге тиіс. Қазір мешіттердің жанында хиджама орталықтары жұмыс істейді. Орталықтарға діни басқарма тарапынан рұқсат берілген. Рұқсат берілерде ол орталықта жұмыс істейтін маманның біліктілігіне баса назар аударылады. Бұл орындарда арнайы оқудан өткен, сертификаты бар немесе бұрынғы хирургтер жұмыс істейді», - дейді басқарма өкілі. Яғни хиджаманы кез келген жерде жасатуға болмайды.

Елбек Тасболатұлы, ҚМДБ шариғат және пәтуә бөлімінің маманы:

- Бұл сала медицина саласына бағынады. Яғни хиджама өз алдына арнайы ритуал емес. Хиджама сол кезіндегі медицинаның бір көрінісі. Қазір де ол құпталып, өзінің шартымен болса, дұрыс болатын медициналық шаралардың бірі. Сондықтан ең бірінші хиджаманы жасайтын адам білікті маман болуы керек.