ШҚО-да бірнеше бағыттағы жол жабылды

Шығыс Қазақстан облысында да толассыз жауған қар мен боран салдарынан бірнеше бағыттағы жол жабылды, деп хабарлайды 24KZ.

Өскеменнің өзінде көлік қозғалысы қиындады. Себебі кешеден бері қалыңдығы 25 сантиметрден асатын қар жауған. Бұл айлық мөлшердің жартысына тең. Ауа райының құбылуы әсіресе автобус қатынасына кедергі келтіріп тұр. Әлеуметтік желіде кестеден кешігіп, қалың қардан аялдамаға жете алмаған қоғамдық көліктер туралы шағымдар көбейген. Ал трамвайлар мүлдем тоқтап қалды. Қала әкімдігінің мәліметінше шаһарда қар тазарту жұмыстарына 100-ден аса техника мен 200 адам жұмылдырылған. Республикалық, облыстық тасжолдар да ақ ұлпадан аршылып жатыр.

Еркін Даумов, жол тазалау компаниясының директоры:

- Қалың қар және қатты жел әсерінен жолда қалған 192 бірлік автотранспорт шығарылды. Оның ішінде 48 жүк көлігі, 148 жеңіл көлік және 2 автобус шығарылды.