Атырау облысында 106 бала қатерлі ісікке шалдыққан

Атырау облысында 106 бала қатерлі дертке шалдыққан, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандардың айтуынша, қазір балалар арасында лейкоз ауруы, яғни қан айналымының қатерлі ісігі көп кездеседі. Дертті жеңу үшін балалардың көңілді жүруі маңызды, - дейді мамандар. Халықаралық қатерлі дертке шалдыққан балалар күніне орай өңір волонтерлері жасөспірімдер үйінде болып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Жастайынан аты жаман ауруға шалдықса да, ата-анасы мен жақындарының арқасында емделіп, болашаққа сеніммен қарайтындардың бірі – Максим. Ол қатерлі дертке 9 жыл бұрын шалдыққан. Ата-анасы уақытты жоғалтпай, емдеуді қолға алған. Қазір жағдайы жақсы. 7-сыныпта оқиды.

Илья Гофман, Максимнің әкесі:

- Бұл диагнозды 2015 жылы қойды. Астанаға барып, толық химиялық терапия және оңалтудан өтті. Алғашында 1 жыл бойы ауруханада жатты. Екі-үш аптаға үйге келіп тұратын. Кейін жарты жыл сайын шақыра бастады. «Сіздерде бәрі жақсы» деп жібергенімен, тоқтамаймыз. Жыл сайын қаралып тұрамыз. Мәскеуге барып та тексерілдік. Онда да «бәрі жақсы» деді.

Қазір облыста онкологиялық ауруға шалдыққан 106 бала есепте тұр. Оның 46-сы лейкозбен ауырады.

Гүлнәфис Таңбаева, №7 қалалық емхананың директоры:

- Балалар кеңес диагностикасы бөлімшесі бар және осы онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында бізде тегін скринингтік тексерулер бар екенін білесіздер. Сондықтан кез келген аурудың алдын алу үшін профилактикалық алдын ала тексерудің қажеттілігін айтқым келеді.

Балалардың көңілді жүруі ауруды жеңуіне мүмкіндік береді, - дейді мамандар. Бүгін волонтерлер бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлап, бір қуантып тастады.

Ажар Құспантаева, волонтёр:

- Бұл шара бізде жыл сайын жалғасып келеді. Балалар ауруханадан ем алғанымен де, ең басты фактор – эмоция, қуану. Сол үшін өзіміздің пайдамызды тигізгіміз келді.

Қазір балалар арасында қан айналымының қатерлі ісігі көп кездеседі. Одан кейін ми ісігі кең таралған. Бүйрек, сүйек онкологиясы да тіркеледі. Обырдың алдын алу үшін салауатты өмір салтын сақтаудың маңызы зор екенін айтады мамандар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.