«Қазақстан» шипажайы мемлекетке қайтарылды

«Қазақстан» шипажайы мемлекетке қайтарылды

2013 жылы шипажай директоры «Қазақстан» шипажайының барлық мүлкін кепілге қойып, кірісті жасанды түрде арттырып, ғимараттарды жөндеуге 2,6 миллиард теңге несие алды.

2021 жылы 700 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін директор мен басқа да тұлғалар түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Несие беру кезінде банк шипажайдың төлем қабілеттілігіне талдау жүргізбегені анықталды. Осыған қарамастан 2022 жылы сотпен жалпы 3 млрд теңге қарызды өндірді, делінген Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Алматы қаласы прокуратурасының апелляциялық шағымы бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, бұл сома 1,8 млрд теңгеге дейін қысқартылды.

Өз кезегінде Медеу ауданының прокуратурасы кепілшартының заңсыздығы мен жарамсыздығына байланысты оны жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінді.

Прокурордың 12.12.2023 жылы берген талап арызын Алматы қаласы АМЭС қанағаттандырды.

Осылайша прокуратураның араласуы арқылы құны 7 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік санаторий заңсыз кепілден алынып, оның қарызы 1,2 миллиард теңгеге қысқарды.