Мал баққанға бітеді

Маңғыстау облысында шаруалар ата кәсіпті өрістетуге ден қоя бастады.

Оған ауыл шаруашылығы саласындағы тың жобалар санының артуы дәлел. Әсіресе ешкі мен түйе сүтін өңдейтін өндіріс ошақтарының әлеуеті зор. Өйткені, дайын өнімге әркез сұраныс жоғары.

Айта кету керек, былтыр өңірдегі мал баққан шаруа қожалықтары былтыр мемлекеттен 2 млрд теңгедей субсидия алды. 

Маңғыстау климаты ыстық әрі құрғақ. Мұнда негізінен түйе бағылады. Шөлейтті аймақта асыл тұқымды түлік өсіру оңай емес. Соған қарамастан кейбір шопан қаракөл қойын бағып отыр. Қарақия ауданында сондай шаруа қожалығы бар. Ауыл тұрғыны үш жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен екі жүз қой сатып алған. Еті ерекше дәмді әрі елтірісі нарықта бағалы түлік саны бүгінде үш жүзден асады. Малшы әр қойға бес мың теңгеден субсидия алып отыр. Бұл қаражат жемге жұмсалған шығынға төленеді.

Елемес Сәрсекенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жалпы жоспарымыз - мал санын көбейту және нарыққа шығару. Жүнін, ия болмаса терісін өңдейтін мекемелер жоқ. Жүнін, ия болмаса терісін жалпы ойымыз енді, арнаулы қондырғылар алып соны өзімізде өңдейміз ба деген алда жоспар бар. Қазір тек жинап жатырмыз өзімізде.

Соңғы жылдары Маңғыстауда ауыл шаруашылығы саласында тың жобалар жүзеге аса бастады. Соның бірі – Ақшұқыр ауылындағы ешкі фермасы. Кобзевтер жанұясы ешкі мен түйе сүтінен ірімшік жасау өндірісін жолға қойды. Қазақстандық сүт өнімдері бұған дейін Еуропадағы көрме-байқауларға қойылды. Шағын цехта айына 3,5 тонна ешкі сүті өндіріледі.

Александра Григолова, ферма қызметкері:

- Ауыл шаруашылығы саласында өз ақшаңа бизнес ашу оңай шаруа емес. Осы ретте біз мемлекет қолдауын көріп отырмыз. Былтыр өндірісті дамыту үшін 5 млн теңге грант ұттық. Ешкі санын көбейтіп, сапалы сүт өнімдерін ішкі экспортқа шығарғымыз келеді.  

Өңірде төрт мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Олар былтыр 23 млрд теңгеге өнім шығарған. Соның ішінде 18 мың 565 тонна ет өндірілді. Облыс бойынша тіркеуге алынған төрт түлік басы 600 мыңға жуықтайды. Ата кәсіппен айналысуға әсіресе Бейнеу мен Маңғыстау ауданы тұрғындарының белсенділігі жоғары. 

Шамғали Хамиев, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жаңаөзенді де қосуға болады. Барлық аудандардың халқы қазір мал ұстап отыр. Шаруа қожалығын тіркеп, жасап жатқаны да бар. Тіркемей-ақ былай мысалы, түйе-жылқы сатып алып өсіріп отырған адамдар өте көп. Мал шаруашылығының маңызды екенін, пайдалы екенін қазір халық біледі. Олар да қазір бүкіл нәрседен хабар алып отыр ғой. Жалпы мұнай саласы біткен кезде қалай күнелтеміз деген ой әрбір адамның басында бар нәрсе ғой. Сондықтан, мал өсіріліп жатыр.

Қоғамда «мал бағу - отбасылық кәсіп» деген ұғым қалыптасқан. Алайда, қазір аймақта мал еті мен сүтін өндіретін ірілі-шағын кәсіпорындар пайда болды. Өз кезегінде, екі қолға бір күрек іздегендер жұмысқа орналасып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев