Уағыз айту туралы ереже қабылданды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елде уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті туралы ереже қабылдады.

Астанада өткен уағызшылардың алғашқы республикалық форумында ол құжаттың мән-маңызы түсіндірілді. Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен діни басқарма өкілдері, өңірлерден келген уағызшылар қатысты. Діни басқарма биылғы жылды "Ислам және дәстүр құндылығы" деп жариялап, қазақы болмыс пен асыл дініміздің сабақтастығын нығайтуға басымдық беріп отыр.

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

- Құжат қабылдадық. Алла қаласа, осы құжат бойынша алдағы уақытта біздің уағызшыларымыз, діни қызметкерлеріміз жұмысын жетілдіретін болады. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз бар, ұлттық құндылықтарымыз бар. Осының барлығы ислам дініне сабақтасқан. Уағыз-насихаттарымызда, дәрістерімізде, мақалаларымызда дәстүрдің құндылықтарына көбірек көңіл бөлеміз.