ҚТЖ жолаушыларға кеңес берді

Елдегі әуе компаниялары мен «Қазақстан темір жолы» бүгін түнде жолға шығатын жолаушыларға әуежайлар мен вокзалдарға рейс жөнелтілетін уақыттан әлдеқайда ертерек келуге кеңес береді.

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты Көлік министрлігі тасымалдаушылармен бірлесіп барлық қажетті дайындық жұмыстарын жүргізді. Сағат тілін бір сағатқа артқа ауыстыру кезінде пойыздардың жүру кестесіне айтарлықтай өзгерістер енгізілмейді. Сәйкесінше теміржолда бір уақыт белдеуіне көшу штаттық режимде жүзеге асырылады. Ұшақ немесе пойыздан кешікпес үшін нені қаперде сақтау керек?

Тарихи сәт. 4 жылда бір келетін 29 ақпан қазақ жұрты үшін 25 сағатқа созылмақ. Яғни тәулік әдеттегіден ұзақ болады. Түнгі 12-де сағат тілі 1 сағат артқа шегерілді.

Осыған байланысты енді ұшақ та, пойыз да жаңа уақытпен жүреді. Алдымен, теміржолмен саяхаттайтындарға тоқталайық. Жолаушы пойыздарының барлық өзгерісі ресми сайттар мен интернет-ресурстарда қолжетімді. Уақтылы хабардар ету үшін тиісті нұсқама берілді. Әр жолаушы өзгеріс жайлы СМС хабарлама алады. Дегенмен, сапарды алдын ала жоспарлаудың артығы жоқ.

Сара Сахынбек, "Жолаушылар тасымалы" АҚ Баспасөз қызметінің өкілі:

- Наурыз айында пойыздар жаңа кесте бойынша жүреді. Бұл билеттерде де ескерілген. Ең бастысы, жолаушылар өз сағаттарын біріңғай уақыт белдеуіне сәйкес ауыстыру керек. Жолаушыларға сапарды алдын ала жоспарлауға, билет уақытын мұқият қарауға кеңес береміз. Анықтамалық ақпаратты 1433 номері арқылы анықтауға болады.

Ұшақтың да жайы осындай. Барлық әуежай кестені өзгертіп үлгерді. Компаниялар да жолаушыларын уақытылы хабардар етіп отыруға келісті. Дегенмен, мұнда да сақтық керек. 3 наурызға дейін жедел желі арқылы сапар уақытын нақтылауға мүмкіндік бар.

Айгүл Даулыбай, ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің өкілі:

- Көлік министрлігі халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен бірлесе отырып, біріңғай уақыт белдеуіне көшу бойынша қажет жұмыстарды жүргізді. 29 ақпаннан екінші наурызға дейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде жедел желі жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ рейс бойынша өзекті ақпаратты нақтылау үшін жолаушылар әуежайдың анықтамалық қызметі мен әуе компанияларының колл орталықтарына хабарласуы қажет.

Айтпақшы Қазақстан мұсалмандары діни басқармасы да құлшылық уақытының да өзгеретінін хабарлады. Намаз кестесі muftyat.kz сайтында бар. Мұнда барлық ауыл мен қала қамтылған. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты eGov.kz порталы және оның құрамдас бөліктері, яғни egov mobile мобильді қосымшасы, "Е-нотариат" ақпараттық жүйесі және "e-Otinish" электрондық қызметі уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін. Жүйелерде түнгі сағат 2-ге дейін техникалық жұмыстар жүргізіледі. Ал мемлекеттік кірістер комитеті Аппараттық-бағдарламалық кешен болып есептелетін бақылау-кассалық машиналарында уақыт автоматты түрде өзгереді, деп отыр.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қысы қатты Астанаға көктем кешігіп келетіні қалыпты құбылыс ғой. Енді бүгін көркем мезгіл тағы бір сағатқа кешікті. Осылайша жыл жаңаратын айды жаңа уақытпен бастадық. Сағаттарыңыздың тілін бір сан артқа жылжыта берулеріңізге болады.

Бекзат Аманов