Қызылордада «Анаға тағзым» форумы өтті

Тәрбие тал бесіктен басталады. Қызылордада «Анаға тағзым» республикалық форумы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Онда отбасылық құндылықтарды берік ұстану тетіктері талқыланды. Ақ жаулықты аналардың қоғам мен отбасындағы рөлін айқындап, мәртебесін көтеру жайы сараланған шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Форумға 16 өңірдің делегациясы келді. Ұлттық қолөнершілердің көрмесімен танысқан меймандар креативті индустрия өнімдерін бағалады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева пленарлық отырыста ата мен әже тәрбиесі, заманауи қазақ әйелінің бейнесі, ұлттық құндылықтарды жоғалтпау мәселелері жөнінде сөз қозғады. Ал қоғам қайраткері Асылы Осман тұтас ұрпақты тәрбиелеуде ана тілдің құдіреті ерекше екенін атап өтті.    

Асылы Осман, тіл жанашыры:

- Тәрбиенің, жақсылықтың барлығы отбасынан. Ананың жұдырықтай жүрегінен баласына деген тілегі, ықыласы, ниетімен бала бойына дариды. Қазақтың кең жан дүниесін балаңыздың жанына ұялатып, сіздің беретініңіз, ең негізгі ананың ақ сүтімен, бесік жырымен қазақтың құнарлы, шұрайлы тіліменен.

Шара барысында түрлі салада табысты қызмет ететін әйел-аналар салалық министрлік пен облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Дина Тасжанова, Батыр ана:

- Қазір, мінекей, 80-ге келіп, осындай құрметке ие болып жатырмын. Бізді көкке көтеріп жатыр, осыған көп рақмет айтамын. Өзім – Орынбордың қызымын, Ресейдің. Сөйтіп, келін болып, Аралға келіп, мұғалім болып, Қамбаштан зейнетке шықтым. Қазір менде немере көп деп айтпайын, 30 шақтысы бар. 8 баланың анасымын. 

Бексұлу Синаева, Батыр ана:

- Жастайымнан еңбекке араластым. Жаз болса, күріш ектім, қыс болса, сауын саудым. Сол еңбегім еленіп, 2 «Еңбек даңқы» орденім бар. Ауданның құрметті азаматы деген атағым бар. Бүгін «Анаға тағзым» форумына шақырып, үлкен құрмет көрсетіп жатыр. Бәріне көп рақмет.

Мәдениет және ақпарат министрі бастаған топ «Өнер» орталығының ашылуына қатысты. Руханият жылы аясында салынған мың орындық мәдени нысанға облыстық филармония және симфониялық, фольклорлық оркестр орналасады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.