Қазақстанда 2300-ден аса бала семіздікке шалдыққан

Біздің елде семіздер көбейген. Үлкендер тұрмақ, ойын баласының да салмағы артқан.

Семіздікке бейім адамдар қант диабеті, жүрек-қан тамыр ауруларына жиі шалдығады дейді, – дәрігерлер. Тағы бір себеп – шамадан тыс шырын мен газдалған сусын ішу.

Денсаулық сақтау министрлігі сауда сөрелерінде сусындарға қосымша салық салу туралы бастама көтерді.

Нутрициолог Гауһар Серікқалиқызының айтуынша, семіздіктің басты себебі – газдалған тәтті сусын. Оны енді бала да, үлкендер де ішеді. Ал өнім құрамында қант мөлшері өте көп. Сол себепті түрлі ауру туғызады.

Гауһар Серікқалиқызы, нутрицолог:

- Менің пациенттерімнің көбі қант диабеті ауруымен келеді. Сосын артық салмақпен келеді. Олар қалай тамақтанады? Соның бәріне анализ жүргізгенде өте көп қантты, өте көп ұнды тамақтар жейді. Оның бәрі ағзадағы қант деңгейін жоғары көтереді де, қант диабеті, артық салмаққа әкеледі. Ол жалпы жақсы тенденция емес. Жүрек ауруларын көбейтеді.

Нутрициолог: «2 жасқа дейінгі балаларға қант өнімдері бар тағамдарды мүлдем беруге болмайды», – дейді. Ал 3 жастан асса, бір күндік қанттың нормасы 15 грамнан аспауы керек. Ал жарты литр газдалған тәтті сусынның құрамында 10 күндік қант дозасы бар. Сондықтан мамандар бұл өнімдер ересектерге де едәуір зиян екенін айтады.

Елдегі 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 20,6 %-інде артық салмақ бар. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өкілдерінің зерттеу нәтижесінде 2300-ден аса бала семіздікке шалдыққаны белгілі болды. Сонымен қатар 14 мыңға жуық ересек есепке алынған. Енді дерт бұдан әрі дендемесін десек, тәтті сусындарға қосымша салық салу керек, – дейді мамандар.

Салтанат Назарова, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры:

- Тәтті, газдалған сусындар ағзаны В витаминінен айырады. Жүрекке әсер етеді. Энергия қорын сорып алып, кальцийді ағзадан шығарады. Ең бастысы, иммундық жүйені әлсіретеді. Әрине, осының алдын алу үшін акцизді ендіру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр бүгінгі таңда. Бұндай тәжірибе әлем бойынша 77 елде қолданылып, өз нәтижесін берген.

Нәтижесі болса, неге қолдамасқа?! Бірақ кәсіпкерлер тарапы аурумен күресу үшін салық мөлшерін өсіру қымбатшылыққа бастауы мүмкін екенін айтқан. Енді мұның қай жағы басым түсерін уақыт анықтайды. Ал оған дейін аурудың өзімен емес, салдарымен күресуге сіз бен бізде үлес қоса жүрейік.  

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Бағдат Қайыркен.