Бейбіт күннің батырлары

Тәртіп сақшылары – халық қорғаны.

Әдетте полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алумен айналысады. Қылмысты әшкерелеп, тәртіпті күшейтеді. Алайда қызмет бабында жүріп түрлі жағдайларға тап болады. Өз өмірлерін де қауіпке тігіп, өзгеге араша түсіп жатады. Бастысы қиын кезде әрдайым халыққа көмекке келеді.

Бұл оқиға жақында ғана Семейде болған. Қолына пышақ ұстаған бейтаныс біреу көшеде кетіп бара жатқан қыздың соңынан ілесіп, артынан қалмаған. Суық қаруы бар азаматтан шошынған ол, бірден 102 номеріне хабарласып, полициядан көмек сұраған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары құқық бұзушыны бірден ұстады. 

Асхат Ахатов, патрульдік полиция инспекторы:

- Мен көлік құралынан шыққан бетте менің басымнан соққы жасады, 3-4 рет. Соққы алғаннан кейін оны сол қолыммен ұстап, жерге жығып, 2 участковый полиция қызметкерімен және жанымдағы напарник төртеуіміз сол кісіні ұстадық. 4 шов салды басыма. Бұны ерлік деп санамаймын. Бұл әр полиция қызметкерінің атқарып жүрген міндеті.

Абай облысы

Өз өмірін қауіпке тігіп, өзгеге көмекке келуге дайын полиция қызметкерлері жетерлік. Мәселен, ақпан айының басында Абай облысында жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың 4 қызметкері отқа оранған үйден адамдарды аман алып шыққан.

Нұрлыбек Меңкешов, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбазы:

- Ішінде бір жас қыз болды бауырымен. Алдымен қызды алып шықтық. Ол қыз өзі в шоковом состоянии тазикпен балконды өшіріп жатты. И бауырын алып шықтық. Кухнядан газ баллонды алып шықтық. Көршілердің бәріне де тоқылдатып, тезірек шығыңдар деп қолдан келгенше көмектестік.

Жыл басында болған боранды күндері де тәртіп сақшылары халыққа көмекке келді. Олар құтқарушылармен бірге қар құрсауында қалған жүргізушілер мен жолаушыларды жылыту орталықтарына жеткізіп, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Тіпті көмекке келген ауыр техникаға жол көрсету үшін ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боранда көлік алдына түсіп, жүгірген кездер де болды.

Қоғамға қызмет ету тәртіп сақшысының басты парызы. Антқа адал, сертке берік олардың ұстанған қағидасы осы. Сондықтан қандай жағдай болмасын қоғамға қол ұшын беруге дайын. Бейбіт күннің батырлары талап пен тәртіпке бағынып, жүктелген міндеттерді абыроймен орындап келеді.

Риат Шони