Қара жұмыстан қаймықпаған арулар елдің құрметіне ие

Арулар – асыл жандар.

Елімізде 4 млн астам әйел түрлі салада жұмыс істейді. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жартысы. Шамамен 3 жарым млн қыз-келіншек жалданбалы еңбек етсе, 1 млн жуығы өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Ер азаматтармен бірге қолына күрек ұстап, ауыр еңбектен қаймықпаған аруларымыз да көпшіліктің құрметіне ие. Олар коммуналдық салада өздеріне жүктелген міндеттерді жігіттерден кем орындап жүрген жоқ.

Таңмен таласа тұрып, жұмысқа кешікпей жету керек. Бұл талапты бұлжытпай орындап жүрген Айкерім Алина жұмыста жауапты. Сондықтан болар үнемі күрделі учаскелерде жұмыс істейді. Қақаған аязға қарамастан мұз ойып, көшені қардан тазартады. Аптап ыстық жаз айларында да жұмыс оңай емес.

Айкерім Алина, көше тазалау қызметінің маманы:

- Басында киын болды, одан кейін үйреніп кеттік. Үлкен апаларымыз бен ағаларымыз да жұмыс істеп жатыр. Біз жаспыз ғой ол кісілердің қасында. Адамдардың жолын тазалаймыз. Қаншама қар жауып жатыр. Тазаламасақ, қаламыз қарға батып жатар еді.

Медет Әбілдин, "Астана тазалық" ЖШС бригадирі:

- Айкерімнің менің қарамағымда істеп жүргеніне 2 жыл болды. Жұмысқа тиянақты. Жауапкершілігі бар. Таңда келеді, кеште кетеді. Ерлермен бірге ортамызда жұмыс істеп жүреді. Жұмыс бәріне бірдей. Мұнда еркек, әйел деген жоқ.

Бұл елордадағы сорғы және сүзгі станциясы. Мұнда тәулігіне 300 мың текше метрден астам су тазартылады. Сымбат Райымбекова бастаған ұжым тіршілік нәрінің сапасына жауапты.

Сымбат Райымбекова, «Астана су арнасы» ЖШС ауысым басшысы:

- Сапамен қоса технологиялық процеске жауап береміз. Бұл жұмыс 3 кезеңнен тұрады. Зарарсыздандырамыз, тазартамыз және сүзгіден өткіземіз. Жұмыстың оңайы жоқ. Бірақ кәсібіңді сүйсең, кез келген күрделі жұмыстың жүктемесі жеңіл сезіледі.

Жас маман Жанерке Мұқтай энергетика саласын таңдаған. Міндетіне аудандық қазандықтарға жылу беру және қадағалау жұмысы кіреді.

Жанерке Мұқтай, жылу электр орталығының инженері:

- Жалпы жылу энергетика – жауапкершілігі мол мамандық. Бүкіл астананы қамтамасыз ететін болғандықтан, мойнымыздағы жүк өте ауыр. Ешқандай қателік жібермеуге тырысамыз. Бізге керегі жұмысқа деген мұқияттылық және қауіпсіздік техникасы.

Уәлихан Асқарбеков, жылу электр орталығының директоры:

- Оларға кей кезде ерлердің қолынан келе бермейтін міндеттер жүктеледі десем артық айтқаным емес. Біздің қыз-келіншектер сауатты, білімді, ұқыпты. Энергетика саласына саналы келген жандар. Игі іске қосып жүрген үлесі ерлерден артық болмаса, кем емес.

Жылу электр орталығында 400-ден астам әйел жұмыс істейді. Тағы мыңға жуық қыз-келіншек өзге коммуналдық нысандарда қызметін абыроймен атқарып жүр. Олар қала тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін аянбай тер төгіп жүр.

Мирлан Алтынбек, Аслан Әбутәліпов, Серік Қоңырбаев, Ернар Жарасбаев