Елордада отбасы институтын нығайтуға бағытталған фестиваль өтті

Елордада отбасы институтын нығайтуға бағытталған «татулық фест» фестивалі өтті.

Шараның мақсаты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жанұядағы береке-бірлік пен шынайы құндылықтарға қоғам назарын аудару. Халыққа әлеуметтік мәселелерде көмек беру үшін ашық алаңда үкіметтік емес ұйымдардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Татулық фест фестифаліне 200ге жуық қатысушы тіркелген. Шара отбасы ішіндегі қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Мұнда 10-нан астам үкіметтік емес ұйым мүшелері мен әлеуметтік сала мамандары жиналды. Келген қонақтар ашық алаңда репродуктолог дәрігерден, заңгер, психологтан және жұмыспен қамту мәселесі бойынша арнайы мамандардан әлеуметтік кеңес ала алады.

Шынар Белмұхаметова, қала тұрғыны:

- Мен осы жерге ақпарат алу үшін келдім. Бизнес ашайын дедім. Көп балалы анамын. Қалай ашсам болады, қашан программа басталады, қандай экзамендерді өтсе болады сондай пайдалы ақпарат алдым. Екі бизнеспен айналысқым келеді. Тігін цехы, сосын коррекционный кабинетті балаларға арналған ашқым келеді. 

«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі бүгінгі дейін 300 мыңнан астам ата-анаға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетті.

Шерхан Арапбай, "Сенімен болашақ" РҚБ Астана қ. филиалының директоры:

- Бүгінгі фестиваль 3 айлық жобаның нәтижесінің қорытындысы. Бұл 3 ай бойы біз не істедік? Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тәуекел болған және зардап болған отбасыларға көмектесу. Педагогикалық-психологиялық бағытта қолдаулар жүргіздік. Осының нәтижесінде анықталған мәселелерді мерекелік форматта, мереке күннің қарсаңында ашық алаң ұйымдастырып, ақпараттандыру жұмыстарын атқарып келеміз.

Шарада отбасылық жанжал мен құқықтық сауаттылық тақырыбы қозғалды. Өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, елордалық полиция департаментіне күн сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша елуден астам қоңырау келіп түскен. Қазір күніне әкімшілік сотқа қырыққа жуық талап-арыз қабылданады.

Серік Беркамалов, Қазақстан заңгерлер одағының атқарушы директоры:

- Халықтың құқықтық сауатын арттыру қажет. Кез-келген азамат заңды білу арқылы өзін қорғап үйренеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл адам құқығын бұзу. Оған әсіресе әйелдер мен балалар жиі ұшырайды. Мұндай жағдайда дереу құқықтық көмек көрсетіп, жағдайдың ушығуының алдын алу керек.

Шара соңында келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ән мен биден шашу шашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Дильназ Тұрғазыева, Диас Ковланбаев