Елде есірткіге тәуелділер саны артып барады

Есірткі - қоғам дерті. Елде жыл басынан бері осы қылмысқа қатысты 1 мың 500-ге жуық факті тіркелген.

Оның 600-ден астамының үстінен қылмыстық  іс қозғалды. Сорақысы сол, есірткіге тәуелділер саны артып барады. Сондықтан сананы сансыратқан нашақорлықпен күрес шаралары күшейіп келеді.

Елде есірткімен күрес ширап келеді. Соңғы 2 айдың өзінде 1 тоннадан астам синтетикалық зат тәркіленді.  Есірткі саудасымен айналысқан 400-ге жуық интернет-дүкен бұғатталды. Дегенмен, заңсыз әрекеттерге барып, айласын асырған есірткі жасырушыларға тұсау болмай тұр. Дегенмен, алдын алу шараларына басымдық беріліп отыр.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

- Елімізде есірткі ахуалы күрделі болып тұр. Қоғамда әсіресе жастарды заңсыз айналымға тарту алаңдатып отыр. Шараларымыздың көбін профилактикалық іс-шараға назар аударып отырмыз. 2 ай ішінде 2267 әртүрлі профилактикалық іс-шаралары өтті. Оның ішінде мектептерде 1165, колледждерде 610 алдын алу шаралары өтті. 

Аты-жөнін атамауды өтінген бұл азамат 20 жылдан астам есірткіге салынып, синтетикалық заттың түр-түрін қолданған. «Осы уақыт аралығында күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Өмірім қараңғы түнекке айналды», - дейді.  

Кейіпкер:

- 2000 жылдардың басында тәуелділікке героин арқылы келдім. Басында инемен қолдандым. Сол жылдары өте популярный болған. Психика бұзылады басқаша боп кетеді. Басқа адамдарға жаман жағынан қарайсың. Өйткені сенде есірткі болмағанда оны табу үшін жолдарын қарастырып, ұрлық жасайсың, алдайсың.

Ойланбай шалыс басқан ол 1 жыл тоқтаусыз ем қабылдапты. Нәтижесінде наркологиялық есептен шықты. Өмірге деген көзқарасы өзгерді, денсаулығы түзелді. Қазір өзінің бұрынғы күйін кешіп жүргендерге ерікті түрде көмектесіп жүр. 

Кейіпкер:

- Осындай проблемасы мен тәуелділігі бар адамдарға көмектесіп жатырмын. Ішкі жан дүниесін түсінемін. Неден өткенін, неден өту керек. Маған олармен жұмыс істеу оңай. 

Анар Тәстембекова, психиатр-нарколог:

- Астана қаласы бойынша салыстыратын болсақ қазір тіркеудегі науқастар саны аздау. Былтыр мыңнан астам адам болса, қазір 980 адам тіркеуде тұр. 2 ай арасында қаңтар, ақпанда 4 адам тіркеуден шығарылды. 

Қазір елімізде нашақорларды емдейтін жеке орталықтар саны артып келеді. Мұнда емделетіндер наркологиялық есепке алынбайды. Ал мемлекеттік орталықтардың көмегіне жүгінгендердің саны 18 мыңнан асқан.     

Мерей Қанапия, тілші:

- Есірткі ессіз әрекетке апарады. Алдымен қызығушылықтан туындаған тәуелділікке. Артынша ұрлыққа, соңынан әрине қысқа ғұмыр. Ал мамандар: «мұндай адамдар тек өзіне ғана емес қоғамның дамуына қауіпті» дейді.