Қонаевта жылу және кәріз жүйесі жаңартылады

Қонаев қаласының жылу жүйесі 30 пайызға, ал кәріз құбырлары 90 пайызға ескірген. 

Оны жаңарту жұмыстарына былтыр республикалық бюджеттен 16 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Көше бойы қазылып, құбырлар жаппай ауыстырылып жатқандықтан, қала тұрғындарының еркін жүріп-тұруына біраз кедергі келтірген. Дегенмен Қонаев тұрғындары биылғы қыстан қысылмай шыққанын айтып отыр.

Қонаев қаласында 67 шақырым жылу жүйесі болса, соның 30 пайызы жөндеуді қажет етеді. Алматы көшесінің бойында қазір ұзындығы екі жарым шақырым болатын жаңа жылу құбыры төселіп жатыр. Бұл 2, 4, 5-шағын аудандардағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік және коммерциялық нысандарды жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған жоба. Оны жүзеге асыруға бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. 

Нұрбала Өтегенова, қала тұрғыны:

- Биыл жылу болды. Бірақ әнеукүні күн суық болды ғой, сонда үйдің іші суық болды бір жетідей. Әйтпесе биыл әйбәт болды. Ыстық су да, суық су да ағып жатыр. Оған неміз жоқ. Бірақ енді мынаны бір жылдан асып кетті ғой, былтыр көктемде қаздыңдар, иә, мынаны? Міне, биыл көктем, бір жыл болды. Қайта мына бір жерді жауыпты ғой, әйтпесе вообще масқара болатын анау жаққа дейін. 

Асхат Жексембеков, қалалық ТКШ бөлім басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда бізде Қонаев қаласында жылу желілері қаламыздың Қонаев және Абай көшелерінің бойымен ғана өтіп жатыр. Яғни Алматы көшесі жағынан бізде жылу желілерінің несі болған жоқ құбырлары. Сол себепті осы жобаны іске асырып, бүгінгі таңда құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. 

Бүгінде бөлінген қаржының 1 млрд 300 млн теңгесі игерілген. Аталған жоба 75 пайызға аяқталды. Тамыз айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар қаладағы кәріз жүйесі толығымен ауыстыруды қажет етеді. Өйткені жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған канализациялық сорғы станциясы мен кәріз құбырларының 90 пайызы тозған. 

Нұрдәулет Нұргелдиев, мердігер компания өкілі:

- Қазіргі таңда 28 км труба есептелінген напорный трубадан. Соның 22 км трубасын жасап қойдық. Траншея қаздыртып, обратно засыпка жұмыстары жүрді.

- Қай кезде тапсырасыздар?

- Тапсыру уақыты 2024 жылдың декабрь айы болып отыр. 

Айдана Серғалиқызы, қала тұрғыны:

- Бірақ енді ауыстырған дұрыс шығар. Өйткені басқа подъездерге барсаң иіс шығып жатады подвалдардан. Сол үшін тазалаған дұрыс деп ойлаймын. Ал жылу жағынан шағымым жоқ. Жылу нормально, жылы. Менде угловой ғой, соның өзінде жылы. 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асатын бұл жоба бойынша 11 сорғы станциясы күрделі жөндеуден өтеді. Мұнда 25 техника мен 80-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жобаны жүзеге асыру мақсатына бюджеттен 14 млрд теңге бөлінген.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дуйсенбаев, Аманжол Жөңкешов