Ұлытаудағы қос әулетте кенші және ұстаз династиясы қалыптасып келеді

Ұлытаулық Сағатовтар мен Жақыповтар жанұясы ұрпақ сабақтастығын берік ұстанады.

Нәтижесінде қос әулетте кеншілер мен ұстаздар династиясы қалыптасып келеді. Отбасы құндылығын дәріптеген әулет жас отбасыларға үлгі көрсетіп, өнеге үйретуден жалыққан емес. 

Сейтәлі қажы мен Дүйсенкүл апа жақында «Алтын той» жасауға дайындалып жүр. Екеуі де шахтада еңбек еткен. Ардагер кеншілердің ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстанымы – баланы ерте жастан еңбекке баулу. Отағасы ұрпағын ұл-қыз деп бөлмей, қасына ертіп жүріп, өзі білгеннің бәрін үйреткен. Соның нәтижесі болар, бауырынан өрген 5 баланың 3-еуі ата-ана жолын таңдап, кенші мамандығын игерді.

Сейтәлі қажы Сағатов, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Тәрбиені  әке-шешеден алдық. Әкем соғысқа қатысқан, бірінші группа мүгедегі. Шешем темір жолда істеді. Қарсақпайдың темір жолында. Сол кісілердің айтқанын істедік. Огород салдық, қой қырықтық, шөп шаптық, кетпен тарттық. Енді соның бәрін балаларыма беріп жатырмын. Шүкір, балаларым жаман емес, не айтсам соны орындайды. 

Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегелі ғұмыр жолын кейінге үлгі ету парыз. Сағатовтар әулетінде бұл үрдіс берік орнаған. Әкенің жолын қуған немерелердің алды үлкен еңбекке араласты. Ал кейінгілер үйдің тірлігін шыр айналдырып отыр. 

Нұрәлі Сейтәлі, немересі:

- Жазда келіп сиыр бағам. Бау-бақша суарамын, тал суарамын. Шөп жұламын. Менің атам еңбек істеуге үйретеді. 

Ағайынмен жақын болу, туыстық жібін үзбеу. Бұл Жақыповтар жанұясының өмірлік ұстанымы. Сондықтан үлкен отбасының мүшелері қарашаңырақта жиі бас қосады. Бұл жолы да Ұлыстың Ұлы күніне орай немерелер Астана, Алматыдан арнайы келген. 

Шынар Жанасылова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Ең бірінші ата-анаңды құрметтеу, жақындарыңды құрметтеу. Не бастасаң соны жауапкершілікпен орындай білу. Сыйластық. Кішіпейіл, қайырымды болу. Міне осы қағидалар отбасының басты құндылығы деп есептеймін. 

Жақыповтар жанұясын «ұстаздар әулеті» деп те атайды. Отағасы Сайранбек ақсақал 53 жыл үзіліссіз ұстаздық қызмет еткен. Жолдасы Шынар Қаппасқызы да саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған. Сондықтан лар, бұл әулетте ұстаздық жолды таңдаған балалар қатары көп.

Жасұлан Жақыпов, ұлы:

- Біз бүгінге дейін көріп, жақсы-жақсы істерін, тәибелерін алып келе жатырмыз. Соны алдымызға қойып, жалғастырып, өмір сүріп жатырмыз. Тәрбиенің арқасы ғой көргенімізді, үйренгенімізді істеп отырғанымыз. 

Ел ішінде «Алтын шаңырақ» аталып кеткен бұл отбасылар жаңадан отау құрған жастармен жиі кездеседі. 

Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу жолында отбасы құндылығының маңызын түсіндіреді, мәнін айтады.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов