Түркістан облысында 3,5 млн түп сексеуіл егілді

Түркістан облысында сексеуіл алқабын ұлғайту үшін 3,5 миллион түп көшет егілді, деп хабарлайды 24KZ.

Келешекте Қызылқұм қорығының 3 мың гектар шөлді аумағы жасыл желекке айналмақ. Орманшылардың айтуынша, жергілікті тұқымбақта өсірілген көшеттер тез жерсінеді. Нәтижесінде құм көшкіні басылып, экологиялық ахуал түзеліп келеді.

Шөлейтті аймақта күй талғамай өсетін сексеуіл егу науқаны басталды. Табиғат жанашырлары Қызылқұмның ағаш қорын молайтудың 5 жылдық жоспарын жасаған. Былтыр 4 мың гектарға жуық жер игеріліп, жасыл желекке айналды. Күзде тағы 3 мың гектар алқап әзірленіп, тұқым себілді. Енді сәуір айына дейін көшет егіледі.

Дәулетхан Оразбақов, Қаратау орман шаруашылығының басшысы:

- 2020-2025 жылдар аралығында 33410 гектар жерге 41 млн 760 мың сексеуіл көшетін орман қоры жерінде егу жоспарланған. Биылғы меже, көктемгі уақытта 2 мың гектар жерге ағаш егу жоспарда.

Сәкен Білтебаев 40 жылдан бері механизатор болып жұмыс істейді. Айтуынша, еңбек өнімділігін арттыруға жаңадан 10 техника сатып алынды.   Заманауи тракторлар мен қажетті тіркеменің арқасында күніне 70 шақырым жерге көшет егіліп жатыр.

Сәкен Білтебаев, механизатор:

- Күз айында сексеуіл ұрығын шашамыз. Көктемде көшет егеміз. Қазір 15 шақты техника жүріп тұр. Май, суымыздың бәрі жеткілікті. Техниканың жаңалығынан жұмыс жақсы жүріп жатыр.

Орманшылар сусыма құмды тоқтату жоспары аясында сексеуіл көшеттерін өздері баптайды. Арнайы тұқымбақта көшет дәні 2 жыл бойы өсіріледі. Сондықтан жас көшет қытымыр қыс пен аптап ыстыққа төзімді. Ал сексеуілдің өздігінен тұқым шашып көбеюі үшін кемінде 4 жыл қажет.

Лесбек Білтебаев, Байырқұм орман шаруашылығының қызметкері:

- Мынау қолымыздағы көшет өзіміздің жергілікті тұқымбақтарда өсіріледі. 2 жылдан кейін екінші арнайы дайындалған жерлерге егеміз. Көктем айында егетін себебіміз, көктемде ылғал көп болады жерде. Тамыры болғаннан кейін тамыры тез алады. Сондықтан көшетті еккен дәнді сепкенге қарағанда тиімділеу.

Табиғат жанашырларының сөзінше, сексеуіл орман алқабы жер құнарын арттырып, аң-құстың көбеюіне де оң әсер етеді. Соңғы жылдары қорық аумағында Қызыл кітапқа енген жануарлар дүниесі жақсы сақталды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.