Батыс Қазақстан облысында мал азығы тапшы

Өңірде қыс ұзап, көк әлі көтерілген жоқ. Қырға шыққан мал шетінен құлап жатыр.

Халық бір орама шөпті екі есе қымбатқа алуға мәжбүр. Оның үстіне киіктер ала жаздай бар жайылымды таптап кеткен. Шаруалар Үкіметтен көмек сұрап отыр.

Бөкей ордасы ауданындағы қазіргі жағдай осындай. Ашыққан мал шетінен қырылып жатыр. Ал шаруалардың сөзінше жайылымдарды жазда дала жануарлары таптап кеткен. Былтыр ауыл тұрғындары мал азығының тек 30 процентін жинап үлгерді. Қазір 2022 жылы қалған шөппен амалдап отыр.

Бибігүл Жұмағұлова, шаруа қожалығының басшысы:

- Басқа жерлерде 3-4 мыңның шөбі бізде Бөкей ордасы ауданында 15 мыңға дейін барды. Біз жиырма екінші жылдан қалған запаспен шықтық. Енді 24-тің жазында жағдай қалай болады? Шаруаларды осы мәселе алаңдатып отыр.

Қазталов, Жәнібек және Жаңақала ауданының тұрғындары да киіктің кесірінен шығынға ұшырап отыр. Шаруалар егістіктер мен жайылымдарды тәуіл бойы күзетіп, электр тоғымен де қоршаған. Бірақ одан нәтиже болмаған. Бір ғана Жәнібек ауданының өзінде 30-ға жуық шаруашылық қиын жағдайға кезікті.

Бауыржан Сабанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Мына компенсацияны сұрап алайық десек, методика расчета жоқ дейді. Оны жасайтын ауыл шаруашылығы министрлігі. Ал министрліктің жауабы бойынша оған тағы бір жыл уақыт керек.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Министрмен бірігіп, қажетті мамандармен жиналып осы сіздердің қойған талаптарыңызды көтереміз. Мен міне өзіме жазып алдым. Мысалы, қоршау мал шаруашылығына беріледі де өсімдік шаруашылығына берілмейді. +скл+ Мұны созуға болмайды. Барғанда әңгімелесіп, жедел шешіп жоғары басшыға да бәрін баяндап беремін.

«Соңғы санақ бойынша өңірдегі ақбөкен саны 1 жарым миллионға жуықтайды. Былтыр дала жануарларын торға қамап, аулауға рұқсат берілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады», - деді министр.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Осы көктемде ғылыми зерттеу жұмысы жүреді. Соның нәтижесі бойынша ғалымдар биологиялық негіздемесін береді. Соған қарап біз әрі қарай жұмысты жалғастырамыз.

Ақбөкендерді аулау үшін білікті аңшылар бригадасы жасақталды. Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, биыл осы аулау тәртібіне қатысты заңға бірқатар өзгерту енгізіледі.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Альбина Кұмарғалиева, Ербол Мендіғалиев, Эльдар Аюпов